Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да әйеліне қол жұмсаған полиция қызметкеріне қатысты тергеу жүргізілуде

2020 жылдың 17 мамыр 2020 15:28

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында әйеліне қол жұмсаған полиция қызметкеріне қатысты тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, тергеу амалдарын жүргізуге әлеуметтік желіде жарық көрген жарияланым себеп болды.

Онда БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты Хайдар Жексенов пен оның зайыбы Әсел Алқанованың арасында 2019 жылғы 23 қазанда болған отбасылық кикілжің дерегі айтылады.

Сол жылдың 31 қазанында Ә.Алқанова күйеуінің өзіне дене жарақатын келтіргені жөнінде облыстық полиция департаментіне шағым түсірген. Содан кейін Ә.Алқановадан Х.Жексеновке талабы жоқ екендігі туралы тағы бір арыз түсіп, тексеру тоқтатылған.

Департамент басшылығы офицерлер жиналысында Х.Жексеновке мұндай қылыққа жол бермеу жөнінде қатаң ескерту жасаумен шектелу туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар оның тікелей басшысы мұндай дерек қайталанған жағдайда полиция қызметкерінің ішкі істер органынан қуылатынын қатаң ескерткен.

Өзінің 16 мамыр күні әлеуметтік желіге жүгінгенін Ә.Алқанова Х.Жексеновтің қазіргі уақытта келтірілген залалды өндіруден бас тартуына байланысты деп түсіндіреді. Сосын жарияланым шыққаннан кейін Х.Жексенов оған қоңырау шалып, күш қолданамын деп қорқытқанын айтады.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 115-бабына (қорқыту) сәйкес тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы кейін хабарланатын болады», деді Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сегіз адамның полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай