Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да «Ауыл» партиясының өкілі сайлаушылармен кездесті

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 21:50

ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Ауыл» партиясының өкілі, облыстық мәслихаттың депутаты Темірғали Ескендіров Бәйтерек ауданындағы сайлаушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Темірғали Қаратайұлы – өңірге танымал кәсіпкер, «Жайық ет» ЖШС компаниялар тобының, «Агропродукт», «Жайық Агро ЛТД» ЖШС құрылтайшысы.

Облыстық мәслихат депутаты Т.Ескендіров сайлаушылар алдында атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алда тұрған мақсат-міндеттерді де атап көрсетті.

Ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосып келе жатқан кәсіпкер үш бағытта жұмыстанып келеді. Соның бірі – егін шаруашылығы. 20 мың гектардай алқапқа дәнді дақылдар егілсе, екіншіден, құс өсіру де қолға алынған. Үшінші бағыт – ет өнімдерін өндіру. Соның ішінде консервілеу және шұжық цехтары, шұжық өндіруге арналған қасапхана заманауи және жоғары технологиялармен жабдықталған. Осындай кәсіпорындарда 800-дей адам жұмыспен қамтылған.

Темірғали Ескендіров қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес. Айталық, коронавирус індетімен күрес кезінде 100 отбасыға жемі, тамағымен 3 мың балапан берілді. Барлығы 7 млн-дай теңгенің қайырымдылық көмегі жасалды.

Кездесуде шаруа қожалықтарының өкілдері саладағы түйткілді жайттарды қозғады. Облыстық мәслихат депутаты осы орайда республика көлемінде шешілуі тиіс өзекті мәселелерді «Ауыл» партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаевқа жеткізіп, парламент қабырғасында қозғауға болатынын айтты.

«Шаруа қожалықтарына субсидия беру, ауыл шаруашылығы мамандарын жергілікті жерде тұрақтандыру, тозып тұрған немесе бала саны көп ауыл мектептерін күрделі жөндеу немесе қайта салу және басқа көкейкесті мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта да бірлесіп жұмыстанатын боламыз», деді Т.Ескендіров.


Жоғары қарай