Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҚО-да 342 мың гектар жер пайдаланылмай отыр

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 15:41

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 342,9 мың гектар жер пайдаланылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында аталып өтілгеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда берген ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі істер атқарылып жатқанымен, бұл әлі де жеткіліксіз.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің айтуынша, 2019 және биылғы жылы өңірде 907,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Түсіндіру жұмыстары мен БАҚ беттерінде жауапсыз жер пайдаланушылар тізімін жариялау нәтижесінде 113,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар 451,3 мың гектарды сол жерді пайдаланушылар игеруге кірісті. Яғни 546,6 мың гектар немесе барлық анықталған жер көлемінің 62 пайызы бойынша нақты шаралар алынды. Әйтсе де 342,9 мың гектар жер (38 пайыз) әлі де пайдаланылмай қалып отыр.







Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мемлекетке қайтарылған 113,3 мың гектардың 34,3 мыңы немесе 30 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді айналымға енгізу мақсатында жергілікті атқарушы органдар конкурстар өткізуде.

«2020 жылы жалпы көлемі 233 мың гектарды құрайтын 314 жер телімін табыстау мақсатында 24 конкурс өткізілді. Жыл аяғына дейін тағы да 237 мың гектарды құрайтын 276 жер телімі бойынша 10 конкурс өткізу жоспарлануда», деген М.Өмірәлиев игерілмей жатқан жер телімдерін кері қайтару жұмысы жалғасатынын жеткізді. Мұндай нысандар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, жерлерін игермеген жағдайда нұсқама беріледі. Сосын жер салығының базалық мөлшерлемесін он есеге дейін арттыру, нұсқаманы орындамаған жағдайда сот арқылы мәжбүрлеп жер телімін алу шаралары қабылданады. Жер телімін мәжбүрлі түрде қайтарғандар үш жыл көлемінде, өзгерістер енгізілген жағдайда 5 жыл бойы басқа жер теліміне қол жеткізе алмайды.




Сонымен қатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілгеннен кейін ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жұмыстарын жүргізу кезінде ғарыштық түсірілімдер қолданылатын болады.

Өңір басшысы Орал қаласы және аудандар бойынша мақсатына сай пайдаланылмай отырған жер телімдері баршылық екендігін айтып, солар бойынша нақты жұмыстану жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кейбір көшелерде жол жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.




Жоғары қарай