Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Біз билікке жету үшін емес, Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз – Асхат Оралов

2022 жылдың 19 наурыз 2022 14:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Біз билікке жету үшін емес, Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз. Алматыда Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында өткен митингте «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа партиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан, күшіміздің бірлікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!»,-деді Асхат Оралов.

Жиында сондай-ақ ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов сөз сөйледі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан бастамалар мен реформалар ҚР Конституциясында паш етілген құқықтық мемлекет құруға жол ашатынына сенім мол. Біз саяси модернизациялаудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. «AMANAT» партиясының дүниеге келгені осының көрінісі. Тәуелсіздік – бабаларымыздың арманы әрі аманаты. Ал жаһандану тұсында арман мен аманат ақиқатқа айналу үшін елдегі ынтымақтан, келісімнен, кемел үнқатысудан артық дүние жоқ»,-деді ғалым.

Ал әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендір: «Егеменді ел құру кез-келген халыққа бұйырмаған бақ! Осы байлығымызды қадірлей білейік, ағайын. Тәуелсіз елде өмір сүруден асқан бақыт жоқ»,-деді.

Айта кетейік, «Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз» атты рұқсат етілген митингке 2-3 мыңға жуық адам жиналды.



Жоғары қарай