Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биылғы сегіз айда ел кәсіпорындарында 1 мыңға жуық адам жарақат алған

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 16:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылы еңбек жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, 2019-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында өндірістік жарақаттар мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын іске асыру барысы туралы айтты.

Шараға мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымдарының және жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Өз сөзінің басында Біржан Нұрымбетов мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласында қабылдаған кешенді шаралары өндірістік жарақаттануды азайтудың оң үрдісін сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде жарақаттану 17%-ға төмендеген.

Сонымен бірге, осы жылдың сегіз айында ел кәсіпорындарында 912 адам жарақат алды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға жоғары (848 адам). Өндірісте қаза тапқандардың саны 130-ды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға жоғары (95 адам).

Адамдардың қайтыс болу жағдайларының өсуі Қарағанды (122 адамнан 159 адамға дейін), Қостанай (64 адамнан 86 адамға дейін), Түркістан (27 адамнан 64 адамға дейін) және Солтүстік Қазақстан (20 адамнан 29 адамға дейін) облыстарында байқалды.

«Жазатайым оқиғалардың орын алу жағдайлары мен себептерін талдау жұмыс берушілер тарапы да, зардап шеккен жұмысшылар тарапы да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға салғырт қарағанын көрсетеді. Еңбек инспекторларының талабы бойынша 16 адам қызметінен босатылды. 3 өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылды. Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысты 521 материал құқық қорғау органдарына жіберілді, олар бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды», - деді Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ол еңбек жағдайы зиянды жұмыс орындарының санын қысқарту мәселесі өзекті болып қалатынын баса айтты.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 млн жұмысшының 370 мыңы немесе әрбір төртіншісі (22%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген.

Зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс жасайтындардың ең көп саны - Қарағанды ​​(77 мың адам), Шығыс Қазақстан (38 мың), Павлодар (45 мың) және Маңғыстау облыстарында (33 мың).

2019 жылы еңбек жағдайын сертификаттау нәтижесі бойынша 676 мың жұмысшы 128,5 млрд теңге көлемінде түрлі өтемақы алды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10%-ға артық. Бүгінде 12 мыңнан астам кәсіпорын зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 502 мың жұмысшының пайдасына 5% жарна аударуды жалғастыруда.

«Кәсіптік тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу үшін еліміздің 2 635 ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Стандарттардың ең көп саны Атырау (321), Шығыс Қазақстан (251), Ақтөбе (282) және Ақмола облыстарының (220) кәсіпорындарында енгізілген. Республика кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ішкі бақылау шеңберінде 15,5 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды және жұмыс істейді. Олардың міндетіне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын тексеруді ұйымдастыру кіреді. Өндірістік кеңестердің шешімі жұмыс беруші үшін міндетті», - деді министр.

Еңбекмині басшысы өндірістік кеңестер саны республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда ең аз Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстарының кәсіпорындарында оларды құру жұмысын күшейту қажет екенін айтып өтті.

Біржан Нұрымбетов сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың республикалық бірлестіктері ел кәсіпорындарын Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «Vizion Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасына қосу үшін ақпараттық науқан жүргізіп жатқанын жеткізді. Тұжырымдамаға республиканың 326 кәсіпорны қосылды.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы Еңбек кодексіне өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сөз соңында Біржан Нұрымбетов облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне «Атамекен» ҰКП және Қазақстан кәсіподақтар федерациясымен бірге өндірістік жарақаттануды төмендету және зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарының санын азайту бойынша жұмысты күшейтуді кеңес етті.


Жоғары қарай