Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл Жамбыл облысында 11 тұрғын бруцеллезге шалдыққан

2021 жылдың 14 мамыр 2021 14:56

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті басқосуда аймақтағы эпизоотиялық жағдай талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың хабарлауынша, өңірлерде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты.

Жоспар бойынша барлық ауданда эпизоотияға қарсы шаралар жүргізілуде.

«Бруцеллезбен күрес жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Егер инфекция зертханада расталатын болса, онда ол аумаққа шұғыл тексеру жүргізіліп, эпизоотиялық ошақтың шекаралары айқындалады. Осылайша, аурудың таралуына жол берілмейді. Ауру жануарлар санитарлық союға жіберіледі», - дейді спикер.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өңірлік инспекциясының басшысы Жандар Көкеев облыс бойынша 234391 бас ірі қара және 1154816 бас ұсақ мал тексерілгенін айтты.

Ағымдағы жылдың төрт айында 11 жамбылдық тұрғын бруцеллез жұқтырса, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес адамға аз.

Облыс әкімі мал өсірушілерге уақытылы ветеринариялық көмек көрсетуді, мал ауруларының алдын алу және диагностикалау жұмыстарын дер кезінде жүргізуді талап етті.

Ербол Жиенқұлов тағы бір мәселеге тоқталып өтті.

Жамбыл облыстық мәслихатының шешімімен өткен жылдың желтоқсан айында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қағидалары қабылданған болатын.

Тараз қаласында үш бригада және 10 аудандық бригада қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен айналысады.

«Әлеуметтік желілерде тұрғындар қаңғыбас жануарларды ұстау мәселесі шешілмей отырғанына жиі шағымдануда. Неге ол бойынша тиісті ведомство шара қолданбай отыр?» - деп сұрады облыс әкімі.

Ербол Жиенқұлов қаңғыбас ит-мысықтарды ұстауға арналған үй-жай салуға қаржы қарастырылмағандықтан бірқатар қиындықтар туындап отырғанын тілге тиек етті.

Ол бұл орайда осы мәселеге бейжай қарамайтын тұрғындардың көмегі керектігін алға тартты.

Салалық басқарма басшысы басқа да мәселелерге, нақтырақ айтқанда материалдық-техникалық базаның әлсіздігін, құрал-жабдықтардың ескіргенін, ауылдық округтердің барлығы бірдей ветеринариялық пункттермен қамтылмағанына назар аудартты.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен бұл мәселелерді шешуді талап етті.

Аймақ басшысы сондай-ақ, кейбір ауылдарда мал сою алаңдарының жағдайы нашар екенін атап өтті.

«Маған «кемшіліктерді жоямыз» деген сырғытпа жауап қажет емес. Талқыланған бүкіл мәселе міндетті түрде шешімін табуы тиіс. Ветеринарлық қызмет – жергілікті атқарушы органдар жұмысының аса маңызды бағыттарының бірі екенін естен шығармаңыздар. Оның адам денсаулығы, ауылдардың экономикалық әл-ауқатына әсерін ескеру маңызды», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.


Жоғары қарай