Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл Президенттің қатысуымен 463 шара өтті

2019 жылдың 24 желтоқсан 2019 15:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 463 шара өтті. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел жылнамасындағы биылғы жыл үлкен ірі оқиғалармен есте қалды. Бұл ең алдымен егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәтінен бастау алады. Осыдан кейінгі еліміздің саяси өміріндегі маңызы зор оқиға Президент сайлауы болды. Биліктің басты сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асты. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден білек сыбана кірісіп кетті», - деді ол.




Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл өңірін аралап, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысқан. Сонымен қатар басқа да көптеген маңызды бастамалар қолға алынып, ауқымды іс-шаралар атқарылды.

«Жалпы, Мемлекет басшысының наурыз айынан бергі атқарған жұмысы халықтың көз алдында. Президент көптеген халықаралық кездесулер өткізді. Өңірлерді аралады. Шетелдерге ресми, мемлекеттік сапарлармен барып қайтты және бірқатар халықаралық жиындарға қатысу үшін шетелдерде жұмыс сапарымен болды. Маңызды келісімдер жүргізді», - деді Берік Уәли.

Сонымен қатар ол ҚР Президентінің ел ішінде атқарған жұмысына тоқталды.

«Ел ішіндегі атқарған шаруаларына тоқталар болсақ, Мемлекет басшысының қатысуымен 463 шара өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды. Кейбір облыстарға тіпті екі рет барғанын білесіздер. Қасым-Жоарт Кемелұлы ҚР Президенті қызметіне кіріскен сәттен бері 239 мемлекеттік органның басшыларын, Парламент депутаттарын, саяси партиялар мен қауымдастық өкілдерін және жеке тұлғаларды қабылдады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.

Жоғары қарай