Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл Павлодар облысына 3 мың бас асыл тұқымды мал жеткізілді

2020 жылдың 25 қараша 2020 01:36

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Павлодар облысына 3 мың бас асыл тұқымды мал әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, тек осы айдың өзінде өңірге импорттық аналық малдың екі партиясы жеткізілді: 13 қарашада – Ресей Федерациясынан 105 бас, 22 қарашада – Ирландиядан 140 бас. 2020 жылдың соңына дейін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облысқа тағы 2 мың ірі қара мал жеткізіледі.

Павлодар облысында «Сыбаға» бағдарламасымен 19 шаруа және фермерлік қожалық шетелден аналық мал басын алды. Фермерлер негізінен герефорд тұқымды ірі қара малды таңдады.

«Герефордтардың басты артықшылығы олардың күй талғамайтындығында және етінің сапасы өте жоғары. Бүгінде біздің шаруашылықтағы мал басы 1200-ге жуық. Бүкіл Қазақстан бойынша асыл тұқымды төлді сатуға мүмкіндігіміз бар», - дейді «Болат» шаруа қожалығының басшысы Серік Сүлейменов.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие жылдық 4%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сатып алынған әрбір асыл тұқымды мал үшін шаруалар субсидия ала алады: алыс шетелден жеткізілген мал үшін - 300 мың теңге, ТМД елдерінен жеткізілген мал үшін - 225 мың теңге, отандық ІҚМ үшін - 150 мың теңге. Бұдан басқа фермерлер мал шаруашылығы техникасын, жем-шөп өндіруге арналған жабдықтарды сатып алуға және айналым капиталын толықтыруға қарыз ала алады.

«Біз мал шаруашылығын дамытуға мүдделіміз. Өйткені бұл ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашады және жастарға бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді. «Сыбаға» бағдарламасынан басқа, фермерлерге жеңіл несие мен субсидия беретін басқа да бағдарламалар бар», - деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов.

Павлодар облысында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алу үшін өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды. Несие алу шарттары туралы ақпаратты Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан мына мекенжай бойынша алуға болады: Астана көшесі, 61, 307 кабинет, тел. 8 (7182) 372009. Сонымен қатар WhatsApp-тағы +7 776 879 1414 нөмір бойынша «жедел желіге» хабарласуға болады.


Жоғары қарай