Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл мемлекеттік бюджетке 5 трлн теңге кіріс түсті

2022 жылдың 12 мамыр 2022 11:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 4 айда мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге кіріс түсті және жоспар 108,6%-ке орындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 108,6%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 3,4 трлн теңгеге жуық қаражат түсті немесе жоспар 101,1%-ке орындалды», - деді Е. Жамаубаев.
Кірістер бойынша жоспар 36 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 24 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер – 12 млрд теңгеге асыра орындалған.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға, ойын бизнесіне салынатын салыққа және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды.

«Корпоративтік табыс салығы бойынша, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда биылғы 4 айда 686 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомасы 81,3%-ке немесе 282 млрд теңгеге ұлғайды. Ірі тау-металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар бар. Жалпы алғанда, бюджетке қосымша 303 млрд теңге, оның ішінде салықтық әкімшілендіру шаралары есебінен 29 млрд теңге түсті», - деп түсіндірді министр.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы қаңтар-сәуірде шикі мұнайға мөлшерлеменің 42%-ке ұлғаюына және АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының өзгеруіне байланысты болды. Ойын бизнесіне салынатын салық бойынша жоспар салықтық тексеру актілері бойынша берешекті өтеу есебінен асыра орындалды.

«Дегенмен, ішкі тұтыну тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмады. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттердің кірістері 127,1%-ке атқарылып, 1 трлн 719 млрд теңгені құраған. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлерде асыра орындалған», - деді Қаржы министрі.

Жоғары қарай