Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қанша турист келеді

2020 жылдың 27 қыркүйек 2020 04:48

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласына кезекті ресми іссапармен келіп, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен күмбезін, Есім хан, Рәбия Сұлтан Бегім кесенелері мен Тәуке хан жерленген Сегіз қырлы сағана және белгісіз сағананы, жұма мешіті және жерасты қылуетін аралап көрген министр кесене мен Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көше бойында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысып шықты.

Тарихи көше бойында орналасқан Хан ордасы мен хан мешітін реставрациялау, рухани мекенге келушілерге қазақ хандарының ізі қалған орданы да жан-жақты таныстырудың маңызын пысықтаған соң қорық-музей аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын да аралады.

Сондай-ақ, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Үлкен Ақсарай бөлмесінде төселген тарихи сыр кілемінің орналастырылуы мен бөлмені музейлендіру жұмыстарымен де танысып шықты.

XII ғасырдың ойшылы, түркі елдерінің рухани тәлімгері Қожа Ахмет Ясауидің есімін ұлықтау, өзі жерленген қасиетті мекеннің тарихи келбетін жандандыра отырып насихаттау мақсатында 88,7 гектар аумақты қамтитын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тарихи ізденістерді жандандыру, қалпына келтіру үшін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспарын қолға алып, нәтижесінде 17 тарихи-мәдени нысанға реставрация жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары да маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары мен археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстарымен «Қазқайтажаңарту» РМК айналысып жатыр.

Қазіргі таңда кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қабірхана, Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелері ақталынып, күмбез бен «Түркістан тарихы» музейі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесінің реставрация жұмыстары аяқталды.

Ал, Шығыс моншасы мен Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, XI-XII ғасырдағы 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз діни орын Жұма мешітін михрабымен бірге толығымен жаңғырту және ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары да жоспарланған. Қазіргі таңда мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жасалды.

XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесі кеңейтілді.

Ортағасырлық шығыс моншасы - XV ғасырдың тарихи жәдігері. Монша мен күмбездің жұқа қабаты мен интерьері реставрацияланып, екінші есікті салу және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүруде.

«Түркістан тарихы» музейі - сәулеттік ғимарат. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда ескерткіштің шатыры толығымен ауыстырылып жатыр.

Айта кетсек, былтыр «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келушілер саны 1 030 000 адам болады деп жоспарланып, нәтижесінде 1 148 436 адамды құраған болатын. Биылғы жоспар бойынша келушілер саны 1 040 000 адамға жетеді.

















Жоғары қарай