Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл қостанайлық диқандар 4 млн тонна астық бастырды

2020 жылдың 26 қараша 2020 18:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қостанай облысында биыл 4 млн тонна астық жиналды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында өңір әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының екінші базалық бағыты саналады. Оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 11,2 пайызды құрайды. Салада 126 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл жалпы егістік алқабының аумағы 5,3 млн гектарды, оның ішінде астық және дәнді-бұршақ дақылдары 4,1млн гектарды құрады. Егістік алқаптары құрылымын әртараптандыруды жалғастыру аясында майлы дақылдар алқабы 640,5 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 132,5 мың гектарға көп. Жалпы бастырылған астық көлемі 4 млн тоннаны құрап, өнімділік гектарына 10,2 центнерден болды», - деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, ол биыл мемлекеттік қолдау шараларымен негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары және мал шаруашылығы қамтылғанын айтты. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 38,4 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті.

«Қайта өңдеуші кәсіпорындар 202 млрд теңгеге тауарлық өнім өндірді. өсім 24 пайызды құрайды. Бұл ретте сары май өндіру 19, ірімшік пен сүбе 44, сүт және қоюландырылған сүт 49, шұжық өнімдері 10, консервілер 84, ұн 18, жарма 27, өсімдік майы 17 пайызға артты. Ет өндірісі 6,3 пайызға және сүт 1,7 пайызға өсті. Жыл басынан бері өсімдік майы экспорты 4 есе артып, үн экспорты 20 пайызға өсті. 800 мың тонна астық пен 572 мың тонна ұн экспортқа шығарылды», - деді Архимед Мұхамбетов.


Жоғары қарай