Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл Қазақстанда киіктердің саны 1 млн-нан асып түспек

2022 жылдың 18 мамыр 2022 14:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 842 мың киік бар. Сондай-ақ, құзырлы мекеме өкілдері Қазақстанда альбинос құралай туды деген жайтқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада қазақстандықтар әлеуметтік желіде альбинос құралайдың видеосын тарата бастады. Кейін анықталғандай, видео бірнеше жыл бұрын Ресейде түсірілген. Бұл ақпаратты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі растап отыр.

Аталған жайтқа қатысты «Охотзоопром» республикалық мекемесінің бөлім басшысы Азамат Ақаев түсінік берді.

«Біріншіден, желіде таралған видео Қазақстанда түсірілмеген. Екіншіден, альбинизм — көпке белгілі құбылыс. Яғни төл әппақ болып туады, ол себеп геннің бұзылуы. Сол сияқты альбинос ғылыммен дәлелденген сирек кездесетін құбылыс», - деді ол.

Маманның айтуынша, киіктердің төлдеуі жыл сайын сәуірдің соңынан мамырдың ортасына дейін жалғасады.

«Біз жыл сайын киіктердің есебін жүргіземіз. Бүгінге дейін елімізде альбинос киік төлінің туу жағдайы тіркелмеді. Қазақстанда кең тараған үш киік түрі бар. Ол үстірт киіктері, Бетпақдала және Орал киіктері. Өткен жылдың есебі бойынша елімізде 842 мың киік бар. Биыл аталған көрсеткіш арта түседі деген үміттеміз. Шамамен 1,2 млн киікке жетеді деген болжам бар. Жалпы әлем бойынша киіктердің 90 пайызы біздің елімізге тиесілі», - дейді А. Ақаев.

Жыл сайын киіктер есебі олар төлдеп болғаннан кейін жүргізіледі. Ал оның қорытындысы жыл соңында дайын болады.

«Киіктер төлдеп жатқанда кедергі келтіруге болмайды. Яғни оларды мазаламау керек. Сол сияқты киіктерге санақ жүргізу ғылыми ұйымдар бекіткен әдіске сәйкес жүзеге асырылады. Санақ негізінен тікұшақтың көмегімен жүргізіледі. Киіктердің төлдеу процесін құзырлы органдар және салалық ғылыми мекемелердің өкілдері мен мамандары қадағалайды. Жағдайды жыл бойы зерделеп, жыл аяғында оның қорытындысын шығарады», - деді маман.

«Охотзоопром» өкілінің мәлімдеуінше, елімізде жыл санап киіктердің көбеюі байқалады.

«Бақылау мен қабылданып жатқан шараларға қарамастан браконьерлік фактілер бар. Біздің инспекторлар киік аулаушылармен күресті тәулік бойы жүргізеді. Киік аулау – ол қылмыс. Қылмыстың алдын алу мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданып, қолданысқа еніп жатыр», - дейді Азамат Ақаев.


Жоғары қарай