Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Биыл елордада туберкулезден 8 адам ажал құшты

2019 жылдың 25 қазан 2019 18:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың тоғыз айында елордада 8 адам туберкулезден көз жұмды. Бүгінде 900 адам аталған сырқаттан емделуде. Бұл туралы бүгін «Қалалық фтизиопульмонологиялық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері Анна Цепке мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туберкулез ауруынан айығу, оны уақытында анықтап, емделуімен байланысты. Сондықтан да біздің акцияның мақсаты – халықты хабардар ету. Жыл сайын елордада туберкулез ауруына шалдыққан 500 адам анықталады. Биылғы «Стоп туберкулез!» айлығы аясында 9 адам анықталып, бүгінде олар тиісті ем алып жатыр. Олардың әлеуметтік санаты әртүрлі. Ал, жалпы, қала бойынша 900 адам туберкулезден айығу жолында ем алуда. Сырқаттан көз жұму деңгейіне келсек, 2017 жылы – 18 адам, 2018 жылдың тоғыз айында – 22 адам, ал биылғы тоғыз айда 8 адам қайтыс болды. Дегенмен, елордада туберкулез ауруына шалдығу көрсеткіші соңғы 5 жылда 1,5 есеге төмендегенін байқаймыз», - деді Анна Цепке қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталмыш дертке шалдыққандарға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

«Туберкулезді қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Одан бөлек, әрине жергілікті бюджеттен де қаржыландырылады. Атап айтқанда, әкімдіктен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осы жылға дейін емделушілерге азық-түлік және қоғамдық көлік билеті түрінде қолдау көрсетілсе. Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап 10 АЕК көлемінде төлемақы беріледі», - деді ол.

Фтизиопульмонологиялық орталық берген дерекке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында туберкулез ауруымен 2017 жылы – 540 адам, 2018 жылдың тоғыз айында – 375 және биылғы жылдың тоғыз айында 369 адам тіркелді.

Айта кетсек, 23 қыркүйек пен 23 қазан айы аралығында елордада «Стоп туберкулез!» акциясы өтті. Оның аясында 14 мың астаналық тұрғын қамтылып, ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Автор Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Медицина,
Жоғары қарай