Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Биыл елімізде күрделі жағдайда қалған 101 мың отбасы анықталды

2020 жылдың 25 маусым 2020 12:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елімізде қиын жағдайда қалған 101 мың отбасы анықталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында Біржан Нұрымбетов бүгінде Еңбек министрлігі бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырып жатқанын айтты. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан халқының 100 пайыз, яғни 7 млн отбасы қамтылған «Отбасының әлеуметтік картасы». Осы әлеуметтік карта әрбір отбасы қандай өмірлік жағдайда екенін, күрделі немесе дағдарыстық ахуалдан шығару бойынша жұмыс алгоритмін көрсетеді.

«Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, 68,8 мың азаматты емханаларға тіркеу, 72,9 мың баланы балабақшалар мен мектептерге тіркеу бойынша шаралар қабылданды. 1 451 отбасы күрделі және дағдарыс жағдайынан шығарылды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Миинстр атап өткен тағы бір маңызды жоба - «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» жобасы. Бұл жоба әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын, ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік ID бұл атаулы әлеуметтік көмек, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді төлеуді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына мектептерде тегін тамақтандыруды көздейді.

«Бұл жобаның пилоттық нұсқасы Республиканың 9 өңірінде іске асырылды. 102 мың ID-карта берілді, 88 мың транзакция жүргізілді. Болашақта біз бұл жобаны барлық өңірлерде толығымен қолдануды жоспарлап отырмыз», – деді ол.


Жоғары қарай