Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Биыл балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шығындары 200 млрд теңгеге артты

2020 жылдың 25 маусым 2020 11:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шығындары 200 млрд теңгеге артты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 209,5 млрд теңгеге ұлғайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында.

Оның атап өтуінше, мемлекет балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақының 6 түріне кепілдік береді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босану және баланың 1 жасқа дейінгі күтімі бойынша 2 төлем түрін алады. Сондай-ақ, декреттік демалыстағы әйелдерге зейнетақы жарналары республикалық бюджеттен субсидияланады.

2019 жылы осы мақсаттарға 372 млрд теңге, оның ішінде 200 млрд теңге – жәрдемақы төлеуге, 167 млрд теңге – МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерге, 5 млрд теңге – зейнетақы жарналарын субсидиялауға жұмсалды.

«2020 жылы балалары бар отбасыларды қолдауға жалпы 581,5 млрд теңге, оның ішінде жәрдемақы төлеуге – 389 млрд теңге, МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерге – 186,5 млрд теңге, зейнетақы жарналарын субсидиялауға – 6 млрд теңге бағыттау жоспарланған», – деді Біржан Нұрымбетов.


Жоғары қарай