Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл астанада проблемалы 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады

2021 жылдың 3 қараша 2021 09:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов құрылысы 6 жылдан бері аяқталмай келе жатқан «Садовые кварталы» және «Комсомольский» тұрғын үй кешендері қашан пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Таңертеңгілік аралау барысында 2015 жылы проблемалық деп танылған «Садовые кварталы» тұрғын үй кешеніне бардым. Үлескерлердің саны — 500-ден астам отбасы. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
«Комсомольский» тұрғын үй кешені де 2015 жылы проблемалық нысандардың қатарына қосылды. Мұндағы үлескерлердің саны 600 отбасыдан асады. Нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Лифт жабдықтарын монтаждау, ішкі әрлеу жұмыстары, ішкі инженерлік желілерді орнату, қасбеттік жұмыстар, терезелер мен витраждарды монтаждау жұмыстары жүруде. Тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деп жазды қала басшысы Instagram-да.
А.Көлгіновтің айтуынша, аталған проблемалық нысандардың құрылысын «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС салып жатыр.





«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырдым. Сондай-ақ, абаттандырумен уақытылы айналысу міндеті қойылды», - деп жазды әкім.

Мәлім болғандай, 2018 жылдың басында астанада проблемалық 150 үй мен 15 мыңға жуық үлескер болған. 2019 жылы 10 нысанда 13 үй аяқталып, 2,5 мың отбасы көптен күткен пәтерін алды. 2020 жылы 14 нысан бойынша 20 үйдің жұмысы аяқталып, 2,7 мың үлескердің проблемасы шешілді. Биыл 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарланған, 7 мыңнан астам адам баспанаға қол жеткізеді.




Жалпы, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 21 проблемалық нысанның құрылысы аяқталды.


Жоғары қарай