Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Біркөлік шатқалында адасып кеткен 3 жасөспірім құтқарылды

2021 жылдың 18 маусым 2021 19:24

БІРКӨЛІК. ҚазАқпарат – Түркістан облысының құтқарушылары Біркөлік тау шатқалында адасқан 3 жасөспірімді құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдай министрлігіне сілтеме жасап.

«2021 жылы 17 маусымында сағат 17.00 шамасында 3 жасөспірім Түркістан облысы Төле би ауданының Екпінді ауылынан 15 шақырым жердегі «Біркөлік» тау шатқалына көтерілген. Алайда қараңғы түскен соң жасөспірімдер адасып, ата-аналарына хабар береді. Ата-аналар балаларының жоғалғаны туралы «112» нөміріне хабарлады. Адасқандардың бірі – 2003 жылы туған азамат тауға көтерілгенде құлап, сол аяғын сындырып алған», - дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, жарақат алған жасөспірімге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті.

Үш жасөспірімді таудан түсіріп, жедел-жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырды.

Құтқару жұмысына Түркістан облысы ТЖ департаментінен 11 құтқарушы мен 3 дана техника, жедел-жәрдем бригадасынан 3 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылған.

«Төтенше жағдайлар министрлігі ескертеді! Тауға серуенге шықсаңыз, бейтаныс жермен жүрмеңіз, өз күшіңізді бағалаңыз. Тауға шыққанда ыңғайлы киім киіңіз. Арнайы аяқ киім кигеніңіз абзал. Таулы аймақ қауіпті екенін естен шығармаңыз», - дейді Талғат Уәли.



Жоғары қарай