Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Білім саласында тың бетбұрыс жасаудың уақыты келді – педагог

2020 жылдың 28 мамыр 2020 12:39

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Білім саласында тың бетбұрыс жасаудың уақыты келді. Осы орайда БҚО білім басқармасы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишева өз ой-толғамымен былайша бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім саласына қатысты өткір де маңызды мәселелер ашық айтылып, оның шешілу жолдары ұсынылды.

Ең алдымен Президенттің білім беруді «экономиканың ең маңызды саласы» деп анықтауы білім беру саласына деген бұған дейін қалыптасып келген көзқарастың түбегейлі өзгеруін көрсетеді. Бұл алдыңғы қатарлы дамыған елдердің «табысты болуының негізі – білім саласын экономикамен тікелей байланыстыру» үрдісімен үндеседі. Білім мен ақпаратқа бет алған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Ақпараттық үдеріспен бірге өрлеп келе жатқан жаңа білімділікке сұраныс экономикалық дамудың жаңа факторы ретінде қалыптасуда.

Білім сапасы тұрғысынан қала мен ауыл мектептерінің арасында алшақтықты болдырмау керек, әлеуметтік жағдайларына, тұрғылықты жеріне қарамастан берілетін білім сапалы болуы тиіс делінді. Президент көтерген шағын жинақты мектептерді кәсіби мамандармен қамтамасыз ету педагог кадрлар даярлайтын оқу орындарына да міндеттер жүктейді. Бұл бір жақты шешілетін мәселе емес, атап айтқанда, бірнеше мамандық алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар дайындау, мамандықтар жіктеуішіне өзгерістер ендіруді, педагог кадрлар даярлаудың жаңа форматын жасауды да қамтиды. Бұлардың бүгінде қолға алынып жатқаны туралы министр Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында айтып өтті.

«Жағымды жаңалық ретінде педагог кадрларды даярлаудың жаңа жолы бұрыннан педагогтық білімі жоқ басқа сала мамандарына педагогикалық білім беруді қарастыруды айтар едік. Бұл шетел оқу орындарында қалыптасқан үрдіс. Мысалы, біз Кембридж университетінің білім бағдарламаларымен танысқан кезде кез келген адам әуелі техникалық немесе жаратылыстану бағыттары бойынша диплом алып, кейін өз қалауымен педагогикалық-психологиялық, әдістемелік дайындықтан өткен соң мұғалім бола алатынын көрдік. Бұл тәжірибе Европа елдерінде кеңінен таралған. Біздің жағдайымызда бұл кезінде белгілі бір мамандық бойынша диплом алып, түрлі себептермен жұмыссыз отырған жоғары, орта білімді мамандарды қосымша оқыту шағын жинақты мектептердің маман жетіспеушілік мәселесін шешудің бір жолы болар еді», дейді педагог.

Президенттің білім беруді, соның ішінде, педагогикалық мамандықтардың бағдарламаларын модернизациялауда IT-құзыреттілікке, жаңа технологиялар мен арнайы модульдер ендіру туралы айтқандары да аса маңызды. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесіп жасаған «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша жаңа білім бағдарламасында аталған арнайы модульдер ендіріліп, «Ақпараттық құзіреттілік», «Роботтық техника», «Жобалау негіздері» «Эмоциялық интеллект», т.б. жаңа пәндер енгізіліп отыр. Сонымен қатар білім беру ұйымдарына «Кәсіби стандарттар» негізінде пәндерді таңдау мүмкіндігін беруді академиялық еркіндіктің бастамасы деп бағалауға болады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасқанын, әлемнің көптеген оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданатынын және алдағы уақытта оны жетілдіру қажеттігін баса айтты. Педагог мамандардың бұл пікірді қуаттайтыны анық. Басқалар сияқты, БҚО-ның барлық оқу орындарында осы үрдіске қиындық ретінде емес, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа ресурстарды дамыту жолы деп қарастырып, біраз нәтижелерге қол жеткізілді. Шын мәнінде қашықтан оқыту студенттердің өздігінен білім алуы мен өз біліміне жауапкершілігін күшейтсе, педагогтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіруге себеп болды.

«Алайда, бүгінгі күні бұл технологияның студентпен кері байланыс жасау, интерактивтік жұмыс әдістерін, емтихан алудың тесттен басқа түрлерін қарастыру тұрғысынан жетілдіру қажеттігін көрдік. Жалпы алғанда, қашықтан оқыту педагог мамандарды сырттай оқыту сияқты формальды түрінен үнемі тікелей байланыста жұмыс жасауға мүмкіндік беретін, кадрларды сапалы даярлайтын, сыбайлас жемқорлықты болдырмайтын тиімді оқу түрі екеніне көзіміз жетуде. Ендігі кезектегі жұмыстар – оның әдіснамасын жасау, әдістемесін жаңарту, ресурстарды жетілдіру», дейді колледж директоры.

Ұлттық кеңес отырысында сонымен қатар Асылбек Қожахметовтің, Мұрат Әбеновтің, Рауан Кенжеханұлының, Саясат Нұрбектің білім саласын жаңарту туралы тұжырымды ойлары назар аударарлық болды. Министр Асхат Аймағамбетовтің баяндамасындағы осы саланы дамытудағы іргелі ойлары кордаланған көп мәселелердің шешімі табылатынына сенім ұялатады.

«Бұдан басқа да Ұлттық кеңес отырысында айтылған білім саласының әрбір сатысын жаңарту жолдары, ғылыми кадрларды даярлау, тағылымдамаға жолдау, ғылыми жобалар конкурстарын жыл сайын жүргізу, докторанттардың, педагогикалық мамандық студенттерінің стипендиясын арттыру, оқытушылардың жалақысын көтеру, мұғалімдер үшін арнайы медаль бекіту сияқты көптеген жағымды жаңалықтар педагог мәртебесін көтеру тек заң қабылдаумен ғана шектелмей, Президенттің үнемі назарында екенін көрсетеді. Жалпы, Ұлттық кеңесте білім мен медицина саласында батыл да оң бетбұрысқа жетелейтін тың бағыттар айтылды. Енді мұның орындалуы да еліміз үшін аса маңызды болмақ», деп түйіндеді ойын С.Бахишева.


Жоғары қарай