Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Білім ошағындағы бір күн: елорда мектептері  офлайн оқытуға қалай дайындалуда

2021 жылдың 23 тамыз 2021 20:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Араға 1,5 жыл салып елдегі мектептер жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастамақшы. Аты дәстүрлі болғанымен, биылғы оқу жылының өзгешеліктері баршылық көрінеді. Сабақ офлайн режимде өткенімен, тәрбие жұмыстары әлі де онлайн режимде қалып отыр. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің жаңа оқу жылына дайындығын көзімен көріп қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім ошағының шектеулерге толы дәстүрлі форматтағы жаңа оқу жылына қалай дайындалып жатқанын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Төлеуова ғимаратты бізбен бірге аралай жүріп баяндап берді.

«Біздің мектепте 13 кіреберіс бар. 4642 оқушыны осы 13 кіреберіске бөлеміз. Бастауыш, орта буын, жоғары сыныптың оқушылары блок-блок бойынша бөлінеді. Әр блок бір-бірінен оқшауланған. Өз есіктері арқылы ғана кіріп-шығады. Мысалы, қазір біз негізгі блокта тұрмыз. Бұл кіреберістен 1,5 метрлік ара қашықтық сақтап мектепке кіреді. Асфальттағы бояулар мен сызықтар қашықтықты қалай сақтау керектігін көрсетіп тұр. Осындай белгілер 13 кіре берістің бәрінде бар», - деп бастады ол әңгімесін.




Сабақ әдеттегідей таңғы сағат 8.00-ден басталады. Яғни оқушылар 7.30-дан келе бастауы керек. Оларды мектеп әкімшілігіндегі 14 адам әр кіреберіске бөлініп, күтіп алады. Жалпы биылғы оқу жылында санитарлық режимнің сақталуына осы 14 қызметкер жауапты болып бекітілген екен.

Негізгі кіреберістің есігіне Ashyq жүйесінің QR-коды жапсырылыпты. Ата-аналар, мектеп қызметкерлері, өзге де келушілер осы негізгі кіреберістен Ashyq арқылы кіре алады. Ішке кіретін және шығатын есіктер бір бірінен турникет арқылы бөлінген. Кіретін есіктен өткен бойда залалсыздандыратын қоспа бүркетін арнайы «туннель» қарсы алады. Сырттан келген адамның бәрі – оқушы да, мұғалім де, қызметкер де, ата-ана да осы «туннельден» өтуі керек.

Есіктен өткеннен кейін сантизермен қолдарын залалсыздандырып, турникет арқылы ішке қабылданады.







«Бұл жерде оқушының дене қызуы өлшенеді. Дене қызуы байқалған бала болса, бірден оңшаулау бөлмесіне өтеді. Онда мектеп дәрігерінің тексеруінен өтіп, симптомдар байқалса, оқшау есіктен бірден жәдел жәрдемге немесе ата-анасына табысталады. Яғни, басқа баламен араласуына жол берілмейді. Ал қызметкерлер турникеттің жанындағы кезекшіден тіркеу журналын алып, мектепке кірген уақыты мен дене қызуының көрсеткішін жазады. Қалған 12 кіреберістен ата-аналар ішке өте алмайды. Балаларын табыстап сол жерден кері қайтады. Ішке кіру қажет болса, негізгі кіреберіске келу керек», - дейді мектеп директорының орынбасары.
















Қазір мектеп әкімшілігі қай сыныптың қай кіреберістен, қай блок арқылы кіретінін белгілеп жатыр. Бәрі толық белгілі болғанда ата-аналарға алдын ала ақпарат жіберіледі.




«Қазір осы жұмыстың бәрін қарастыратын тұжырымдама жасап жатырмыз. Ертең мектепте педагогикалқ кеңес өтеді. Ал 26 тамызда бүкіл 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен мектепке келу, баланы әкелу-әкету тәртібі бойынша онлайн режимде түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Ата-аналарға сол онлайн жиналыста айтылған ақпарат бойынша жадынамалар беріледі», - дейді Гүлжан Төлеуова.




Әр блоктағы баланың қай бағытпен жүру керектігі едендегі түрлі бояумен сызылған белгілер арқылы көрсетілген екен. Яғни әр блоктың өзіне тиесілі түсі болады. Ал басқа түсті нұсқау белгісі бар блокқа өтуге болмайды деген сөз.




























«Мысалы, мен екінші кіреберіске жауаптымын дейік. Маған тиесілі блокта қай сыныптың оқушылары бар екенін, олар қай кабинеттерде білім алатынын, қандай түсті нұсқаушы белгімен қозғалатынын нақты білемін. Тәртіпті соның негізінде қадағалаймын», - дейді педагог.







Мектеп әкімшілігі биыл мұғалімдерге ғана дресс-код міндеттеп отыр.

«Ата-аналардың мүмкіндігі болса, балаларын бұрынғыдай қаракөк түсті мектеп формасымен жіберуге болады. Жағдайы болмаса, классикалық үлгідегі киіммен келуге рұқсат етіледі», - дейді директордың тәрие ісі жөніндегі орынбасары.

Санитар дәрігердің 5 тамыздағы қаулысы бойынша әр кабинетте 25 баладан отырғызылуы керек. Мұнда да оқу кабаинеттері сол ереже бойынша дайындалған. Бірақ бұл мектептің жобалық сыйымдылығы 2900 балаға арналған. Ал биыл 4642 бала білім алатынын жоғарыда айттық. Яғни мыңнан астам бала артық.









«Қарасаңыз үстелдің бетіне де «Қашықтықты сақтаңыз» деген белгілер жапсырылған. Санитарлық талап бойынша көршілес партадағы оқушылардың арасында кемінде 1 метр қашықтық болуы керек. Бас санитардың қаулысы әр кабинетте 25 бала болуы керек делінгенімен, бұл мәселе әлі қаралып жатыр. Егер оқушылар 100 пайыз дәстүрлі оқуы керек деген түбегейлі шешім шықса, кабинеттерде балалар түгел отырады. Мысалы, біздің мектепте әр кабинетте орта есеппен 36-38 бала отырады. Яғни, кабинеттердегі бала саны мектептегі жалпы бала санына, сыйымдылығына қарай жеке-жеке белгіленуі мүмкін», - дейді Гүлжан Төлеуова.





Мектеп ішінде екі аттасаң, бір антисептик қойылған. Әр қабатта, дәретхананың іші-сыртында да санитайзер қойылған.

«Алдағы оқу жылына толық жететіндей етіп санитайзерге құятын дезинфекциялық сұйықтық сатып алып қойдық. Бұрын ауызсу ішу үшін бір рет қолданылатын стакандар қойылатын. Қазір оның орнына «субұрқақ» түріндегі крандар орнатылды. Бұл да санитарлық талапқа сай. Мектептің асханасы мен дәліздерде, бастауыш сыныптардың блогында әр кабинетке осындай субұрқақты крандар орнатылған», - дейді педагог.








Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталғанымен, маскалық режимді сақтау міндеттеліп отыр. Масканы әр оқушы үйінен әкелуі керек. Мектеп бюджетінде мұғалімдер мен персоналдың маскасы қарастырылған екен.

«Бізде қазір 200 мұғалім, 41 персонал бар. Әзірге соларға деп 1000-ға жуық көп рет қолданылатын маска алып қойдық. Оның сыртында бір реттік маска да сатып алдық. Маскасын жоғалтқан немесе ұмытып кеткен балалар болса, уақытша соны тағады», - деді сұхбат беруші.

Биылғы оқу жылының бұрынғы дәстүрлі режимнен басты өзгешілігі – сабақтан тыс шаралардың бәрі онлайн режимде өтуі керек. Кездесулер, концерттер, бүкіл тәрбие жұмыстары әзірше онлайн форматта ғана өтуі тиіс.













Дәліз бен фойедегі жұмсақ орындықтарда да әлеуметтік қашықтық барынша сақталған.

«Әр кіреберісте дезинфекциялық кілемше төселеді. Шамамыз келгенше бәрін санитар дәрігердің қаулысына сай етіп жасап қойдық. Оның бәрі мектептің биылғы бюджетінде қарастырылған. Енді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің өкілдерін күтіп отырмыз. Мектептің оқу жылына қаншалықты дайын екенін нақты сол мамандар айтады», - деді директордың орынбасары.

Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі асханадағы шектеулермен байланысты.

«Қазіргі талап бойынша мектепте бар оқушының 30 пайызы ғана асханадан тамақтануы керек. Негізінен 1-4 сынып оқушылары тамақпен қамтылуы керек. Бізде бастауыш сыныптағы оқушылардың саны 30 пайыздан көп. Биыл бірінші сыныпқа ғана 585 бала алып отырмыз. 30 пайыз баланың өзі кесте бойынша әр сағатқа бөлінеді. Өйткені асханадағы үстелдердің ара қашықтығын сақтау керек. Сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін 30 пайыз баланы бөліп-бөліп кіргіземіз. Қалған 70 пайыз балаға асхана қызметкерлері бір рет пайдаланатын ыдыстарға салынған тамақ апарып береді. Әзірге санитар дәрігердің ең соңғы қаулысында осылай делінген. Оқушыларды тамақтандыру қызметін көрсететін ұйымдар ол үшін қосымша қызметкерлер алатын шығар деп отырмыз», - деп түсіндірді педагог.







Мұндағы 200 мұғалімнің бәрі вакцинаның екі компонентін де алыпты. Персонал штатындағы 41 адамның үшеуі медициналық қарсы көрсетілім бойынша вакциналаудан босатылған екен. Қалған маманның бәрі толық вакцина алған.

«Қазір мұғалімдер жылдық күнтізбе жоспарын жасап жатыр. Министрлік І, ІІ тоқсанда былтыр игерілмей қалған тақырыптарды қамтуды міндеттеп отыр. Жоспарда ол да көрініс табуы керек. Сонымен бірге Online Mektep, Classroom сияқты қосымша платформалар арқылы қосымша жұмыс істеу қарастырылып жатыр. Ата-аналарға онлайн оқу мүмкіндігі бар екенін айтып, хабарландыру жолдадық. Әзірге ондай өтініш айтқан ешкім жоқ», - деп түйіндеді Гүлжан Төлеуова.
































Жоғары қарай