Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Білім мен ғылымды реформалау бірер жылда өз нәтижесін береді – ҚР Білім беру ісінің үздігі

2020 жылдың 28 мамыр 2020 12:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім беру, ғылым саласындағы түйткілді мәселелер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде кеңінен айтылды. ҚР Білім беру ісінің үздігі, шебер-педагог Боранбай Мәженовтің пікірінше, Мемлекет басшысының білім беру саласын дамытуға қатысты айтқан тапсырмалары өте өзекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боранбай Мәженов Нұр-Сұлтан қаласындағы №38 мектеп-лицейде тарих пәнінен сабақ береді. Тәжірибелі ұстаздың пікірінше, білім беру саласын реформалауға қатысты мәселелер қоғамда көптен бері талқыланып келеді. Елдің білім мен ғылым саласы мықты болмай, экономикасы еш уақытта тұрақты дами алмайды.

«Қоғамдық кеңес отырысында Президентіміз шешілуі қажет мәселелерді айтып өтті. Соның бірі - сыныптардағы оқушылардың санын азайту. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді алатын болсақ, қазақ мектептеріне балалар сыймайды. Бір сыныпта 38-40 баладан отырғандары бар. Мәселен № 38 мектеп 700 балаға арналса, шын мәнінде онда 2,5 мың бала оқып жатыр, екі ауысыммен. Осының өзі білім сапасына кері әсер ететіні түсінікті», - дейді шебер-педагог.

Оның айтуынша, 2,5 мың балаға бір ғана спорт залы бар. Дене шынықтыру сабағына аптасына 3 сағат берілген. Барлық сынып бір спорт залында жаттығуға мәжбүр.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін елімізде 650 мың бала сыятын 800 мектептің салынатындығы айтылды. Ауылдағы тірек мектептерге 114 интернат, 700-ден астам спорт залы салынбақ екен. Оқушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті жаңа мектептердің құрылысы өзекті мәселені шешпек», - дейді Боранбай Мәженов.

Мектептерге басшыларды сайлауда да ойланарлық мәселе бар. Педагогтың айтуынша, мектепте жас ұстаздар өте көп. Олар магистратура, докторантура бітірген. Шетелде оқып, тәжірибе жинақтап келгендері де бар. Бүгінде олар қарапайым мұғалім болып еңбек етіп жүр.

«Жастардың алған білімін, жинаған тәжірибесін неге пайдаланып, басшылық қызметтерге қоймасқа, «жас келсе – іске» деген бар емес пе?!

Президент директорлар арасында ротация жасап тұру қажеттігін де айтты. Кей директорлар бір орында 15-20 жыл отырады. Мықты директорларды ауыстырып отырса, олар өз тәжірибелерін басқа білім ордаларына енгізер еді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа да жол бермес еді. Директорлар аттестациядан үш жылда бір рет өтіп тұруы керек деген де дұрыс шешім», - дейді білім беру ісінің үздігі.

Еңбек жолын ауылда бастаған ұстазға ауыл мектептеріндегі жағдай жақсы таныс. Боранбай Мәженовтың айтуынша, қала мен ауыл мектептерінде айырмашылық бар екені рас. Кей ауылдарда сыныптар бос. Бірақ бір мұғалім оқушы санының аздығынан түрлі жастағы балаларға сабақты қатар беруге мәжбүр. Ал ол еңбекақысында еш ескерілмейді.

«Мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты көптеген істер қолға алынбақ. Еңбекақысы әлі де өседі, жұмыс жүктемесі азайды, түрлі қағазбастылықтан арылып жатыр. Тағы бір жақсы жаңалық – мұғалімдікке оқып жатқан студенттердің стипендиясын басқаларға қарағанда 42 мың теңгеге жеткізу, докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту мәселесі. Жоспарланған реформа жүзеге асса - мұның бәрі бірер жылда өз нәтижесін бере бастайды», - дейді Боранбай Мәженов.


Жоғары қарай