Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бейжіңде қазақ жазушысының шығармашылығына арналған конференция  өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылдың 10 мамыр 2021 09:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңде қазақ жазушысының шығармашылығына арналған конференция өтті - CNR

Бейжіңде Қытай жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ жазушысы Еркеш Құрманбекқызының «Арғымақ асуы» атты романын талқылауға арналған конференция өтті, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, конференцияға Қытай жазушылар одағы басқармасының хатшысы Чю Хуадұң және басқа да танымал жазушылар мен әдебиет сыншылары қатысып, «Арғымақ асуы» романы туралы пікірлерімен бөліскен. Сондай-ақ, Еркеш Құрманбекқызы БАҚ-қа берген сұхбатында «Арғымақ асуы» романы 6 жылдық еңбегінің жемісі екенін айтқан.




«Романға қазақ ұлтының ауыл өмірі, тіршілік дағдысы арқау болған. Туындының «Арғымақ асуы» деген атауының өзі сол ауылдағы жайлаудың атауы. Кітап қытай тілінде жазылған. Қазақша нұсқасы әлі шыққан жоқ», - дейді жазушы Еркеш Құрманбекқызы.

Еске сала кетейік, Еркеш Құрманбекқызы – ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы. Ол ана тілінде де, қытай тілінде де еркін сөйлеп, жаза алатын жазушы. Қазақстандық қаламгерлерден Сайын Мұратбеков, Рахымжан Отарбаев, Немат Келімбетовтердің шығармаларын және Омарғазы Айтанұлы, Оразқан Ахметов, Жұмабай Біләлұлы секілді Қытайдағы қазақ жазушыларының романдарын қытай тілінде сөйлеткен білікті аудармашы. Еркеш Құрманбекқызының төл туындыларынан «Келмеске кеткен қаракер», «Таң атар, күн батар» повестер жинағы, «Ертіс сыңғыры» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.

Моңғолия Үндістанға 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетеді- KAZNEWS




Моңғолия Үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес аясында Үндістан Республикасына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы Моңғолия Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Гуманитарлық көмек көрсету туралы ақпаратты Моңғолия Премьер-министрі Л.Оюун-Эрдэнэ Үндістан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі М.П.Сингхты қабылдаған сәтте жеткізді. Бұған дейін 2021 жылы ақпан айында Үндістан Үкіметі Моңғолияға 150 мың вакцина жіберген болатын. Үндістан мен Моңғолия 1955 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Үнді-Моңғол ынтымақтастығы бұрын тек дипломатиялық сапарлармен, жеңілдетілген несиелермен және қаржылық көмекпен, IT саласындағы ынтымақтастықтармен шектеліп келген. 2015 жылы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидың Улаанбаатарға сапары аясында «Мұнай өңдеу өндірісін салу жобасына миллиард доллар несие» беруге уағдаласқаны екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сатыға көтерілуіне түрткі болып, тараптар «стратегиялық серіктестік» жариялаған болатын», - деп жазды Kaznews.

Тимур Бекмамбетов Өзбекстанға шетелдік ірі кинокомпанияларды тартуға көмектеседі - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов кинорежиссер әрі продюсер Тимур Бекмамбетовті қабылдады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Министр мен Тимур Бекмамбетовтің кездесуінде Өбекстандағы кинотуризмді дамыту перспективалары туралы әңгімелесіп, фильмдер, сериалдар және басқа да киноөнімдер шығаруға мүмкіндік беретін елдің бай тарихи-мәдени мұрасы туралы пікір алмасқан. Сонай-ақ танымал режиссер елдің туристік әлеуетін, ұлы батырлардың бейнесін, тарихы мен табиғи кинолокацияларын ескере отырып, ірі кинокомпанияларды тарту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынған.




«Кинорежиссер Өзбекстанға сапары кезінде туризмді дамытуға салынған инвестиция нәтижесі айқын байқалатынын айтып, елдегі туризм мен қонақжайлығына жоғары баға берді. Ол өзбек халқының төзімділігі мен жомарттығын айта отырып, фильмдерде осы аспектілерді көрсету керектігін жеткізген. Кездесуде тараптар, туындыларда Әбу Райхан Беруни, Әбу Әли ибн Сина, Мирзо Ұлықбек сияқты ұлы ғұламалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы, Әмір Темір, Мангуберді сынды тарихи тұлғалардың тағдыры мен өлкенің бай тарихы баяндалуы және Қожа Насреддин сынды халық кейіпкерлерінің бейнесі де назардан тыс қалмауы керек екені айтылды», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Түрік компаниялары Қазақстанға инвестиция салудан рекорд жаңартты - TRT




Өткен жылы коронавирус эпидемиясына қарамастан, түрік компаниялары Қазақстанға 362,4 миллион доллар инвестициялады. Елде түрік компаниялары осы жылдың соңына дейін тағы 10 инвестициялық жобаны жүзеге асырады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ынтымақтастығындағы жаңа тарихи кезең» атты есеп жариялады. Есепке сәйкес, 2020 жылы Түркиядан Қазақстанға салынған инвестициялар рекордты жаңартты. 2020 жылы әлемдегі тікелей инвестиция көлемі Ковид-19 эпидемиясының салдарынан 42 пайызға азайғанымен, түрік компанияларының Қазақстанға салған инвестициялары рекордтық деңгейге жетті. Түрік компаниялары эпидемияға қарамастан өткен жылы Қазақстанға 362,4 миллион доллар инвестиция құйды және елдегі соңғы 30 жылдағы рекордты жаңартты. Жыл соңына дейін тағы 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын Қазақстанда 2023 жылы түрік капиталымен жобалар санын екі есеге арттыру көзделген», -деп жазады TRT.



Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: БАҚ, Қандастар,
Жоғары қарай