Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 410.70
EUR 465.28
RUB 5.80
CNY 58.81

Бейбіт жиналыстар туралы заң митинг мәдениетін қалыптастырады - сарапшы

2020 жылдың 25 мамыр 2020 17:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлауалды бағдарламасында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің басқарушылық саясатының негізі ретінде «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» ұстанымдарын нақты айқындаған болатын. Бүгінде бұл ұстанымдар мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы алға қойған реформаларының негізі болып табылады.

Коронавирустық пандемия жағдайында, оның әлемдегі ұлттық экономикаларға тигізетін салдары тұрғысындағы барынша өзекті мәселе – экономиканы әрі қарай дамытуға назар аудара отырып, Мемлекет басшысы экономикалық даму мен әлеуметтік-саяси өмірді жаңғырту процестері синергиясының маңыздылығын атап өтті. Экономикалық өсудің жаңа сапасына қол жеткізу әлеуметтік-саяси жүйедегі ілгерілеу жағдайында орын алуы тиіс.

Заңнаманы жетілдіру, атап айтқанда, бүгін Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң елдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады, яғни митингілердің жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, қоғамдық тәртіпке зиян келтірмей қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін танытуы үшін жағдай жасайды.

Жаңа заң тұжырымдамалық аппаратты нақтылап, негізгі ұғымдарды реттейтінін атап өткен жөн. Бұл заңның дұрыс түсіндірілуіне мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, 1995 жылғы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу туралы» заңда тұжырымдамалық аппарат болған жоқ.

Егер бұрынғы заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткізуді алдын ала рұқсат алу негізінде мүмкін деп таныса, бүгін Мемлекет басшысы қол қойған Заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың және өткізудің хабарламалық және өтініш беру жүйесін қарастырады. Соңғы жаңартуларға сәйкес, пикеттер, жиналыстар, митингілерді ұйымдастыру және өткізуде хабарламалар жүйесі, ал демонстрациялар, шерулер ұйымдастырылған жағдайда өтініш беру жүйесі енгізілді.

Бүгін қол қойылған Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен қатысушының құқықтары мен міндеттері толыққанды қарастырылған. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы немесе ұйымдастырушының өкілі болмаған жағдайда өткізуге жол берілмейді.

Жалпы алғанда, заңның қабылдануы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деңгейінде бастама ретінде көтерілген және ел Президентінің қолдауымен жүзеге асырылған саяси реформалар пакетіндегі маңызды тараулардың бірі болды.

Каримова Жанна,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ-дың Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы


Жоғары қарай