Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бердібек Сапарбаев тұмауға қарсы вакцина салдырды

2020 жылдың 16 қыркүйек 2020 21:10

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауруханалар, дәріханалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарымен танысты,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы №5 қалалық емхананың Covid-19 ауруының болжалды екінші толқынына деген дайындық барысын барлады. Аталған мекеменің медициналық қызметкерлер құрамы 130 адамнан тұрады. Емханада пульсоксиметрлердің, оттегі концентраторлардың саны жеткілікті деңгейде қалыптасса, дәрілердің екі айлық қоры жасақталған. Мұнда төрт мобильді бригада құрылған десек, қажеттілік туындаған жағдайда олардың саны сегізге дейін артпақ.





Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Рахат Аймұрзаев айтуынша, тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы екпе егу науқаны қалыпты режимде жүргізілуде. Вакцинациядан бас тартқан тәуелкел тобындағы азаматтар тіркелмеген, олармен жан-жақты түсіндірме шаралары жүргізілуде.

Айта кету керек, облыс әкімі де осы емханада тұмауға қарсы екпе салдырды. Ол күзгі кезеңде ЖРВИ мен тұмауға шалдығудың қауіптілігі жоғары екендігін тілге тиек етті.

«Вакцинация - инфекциямен күресудің тиімді әдістерінің бірі. Әсіресе, бұл осы маусымда пандемияға байланысты өзекті болып отыр. Өкінішке орай, бүгінге дейін жамбылдықтардың тек жеті пайызы ғана тұмауға қарсы екпе қабылдаған. Бұл көрсеткішті қараша айының ортасына дейін, яғни вакцинациялау аяқталғанша 40 пайызға дейін арттыру керек», - деді Б.Сапарбаев.





Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында облыс әкімі аурухана балансындағы медициналық құрал-жабдықтармен танысты. Аймақ басшысы дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары сақталатын аурухана қоймасында боып, науқастарды қабылдауға арналған сүзгі посттарын қарап шықты.

Емдеу мекемесінің бас дәрігері Азат Сәтжанов бүгінде медициналық мекемеде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған екі айлық дәрі-дәрмектер қоры қалыптасқанын жеткізді. «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 млн.теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу бойынша 31 келісімшарт жасалған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Неке және отбасы» медициналық орталығында болып, онда оған бедеулікті емдеу кезінде медициналық көмек көрсету туралы баяндалды. ЭКО-ға бөлінетін квоталар, тұрғындар үшін жоғары технологиялардың қол жетімділігі мәселелері сараланды. Медициналық орталықтың басшылығы әкімнен емдеу шараларының қол жетімділігін қамтамасыз ете түсу үшін ЭКО квотасын көбейту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.





Облыс әкімі ЭКО зертханасының жұмысымен де танысты. Медициналық орталықтың басшысы Наталья Тарарака айтқандай, былтыр жамбылдық 100 әйелге жергілікті бюджет есебінен тиісті медициналық көмек көрсетілген. Ал, биыл 31 әйелге ЭКО жасалған десек, тағы 11-і кезекте тұр. Бұдан бөлек, ЭКО процедурасы ақылы негізде де жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, медициналық орталық жылына 400-ге жуық ЭКО қызметін ұсынады.

Облыс әкімінің айтуынша, облыстағы әрбір төртінші ерлі-зайыптылар ажырасады десек, оған ортада сәбидің болмауы да кері әсерін тигізуде. Бұл уақытылы шешуді қажет ететін негізгі медициналық-әлеуметтік мәселе болып отыр.

«Баласыз отбасыларға көмектесу керек. Квота көлемін арттыру мәселесі медициналық мекеменің мүмкіндігі мен ЭКО процедурасының тиімділігін ескере отырып қарастырылады», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханаларына арнайы бас сұқты. «Садыхан» ЖШС дәріханасында дезинфекциялық заттар мен медициналық маскалар бар болғанымен, сұранысқа ие бірнеше дәрі табылмады. «Әмір және Д» ЖШС дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кедергілер жоқтығын хабарлады.

Жұмыс сапарының соңында Б.Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды, олардың үздіксіз жеткізілуін қадағалауды, сондай-ақ барлық ауруханалар мен емханалардың коронавирустың болжалды екінші толқынына дайындығын тексеруді тапсырды.





Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында ауқымды жоспарлар белгіленген. Өңірде 200 медициналық маманға қажеттілік бар, осыған байланысты дәрігерлерді даярлауға айрықша ден қойылып отыр.

Осы орайда жақын арада Таразда С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарланған.





Жоғары қарай