Ауа райы
Астана 33 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

2020 жылдың 3 сәуір 2020 07:28

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметімен, абаттандыру жұмыстары және жекелеген білім беру нысандарының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бердібек Сапарбаев алдымен Әлима Садықованың «Асыл-Ай» тігін шеберханасына барды.

Өңір басшысы аталмыш шеберханада дайындалатын мектеп формасының сапасының жоғарылығы мен құнының тиімділігін оң бағалады. Кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру және өндірістік ғимараттардың тапшылығы мәселесін бастан кешуде. Сонымен қатар А. Садықова коронавирустық инфекцияға қарсы күреске өз үлесін қосуда. Ол екі мыңнан астам маска тігіп, аз қамтылған отбасыларға таратқан. Медициналық халаттар тігу ісі де ұлғайтылған.





Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аталған кәсіпорынның дамуына барынша қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағы, дәлірек айтқанда, ондағы жергілікті тоған және ойын алаңы абаттандыруды қажет етеді. Облыс әкімі қала әкімдігіне саябақта көгалдар, өрнектастар төсеу және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онда аула клубын ашу аясында жұмыстар жүргізуді тапсырды.





Сондай-ақ, аймақ басшысы Қонаев, Жансүгіров және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы саябақты аралау барысында да осындай талаптарға назар аудартты. Жаяу жүргіншілер жолдары мен жайлы орындықтар орнату, жарықтандыру және көгалдандыру мәселелерін уақыт созбай шешу керектігін баса айтты.

Аймақ басшысы ат басын бұрған келесі нысан – «Зербұлақ» көлінің маңында орналасқан №20 мектеп болды. Мектепке дейінгі шағын орталықтың жабылуына байланысты «Дара» қоғамдық қоры осы оқу орнында дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық оңалту кабинеттерін ашу туралы ұсынысын жеткізді. Оған 150-ге жуық бала келеді деп көзделуде.





Бердібек Сапарбаев оқу ғимаратын жөндеу және іргедегі аумақты абаттандыру бойынша бірқатар ескертулер жасап, мектеп басшылығын мұндай жұмыстарға көмек көрсету үшін түлектерді тартуға, ата-аналар комитетінің жұмысын күшейтуге шақырды. Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қолдау болатынын жоққа шығармады, алайда ол үшін тек қажетті құжаттарды әзірлеу қажет.





Жоғары қарай