Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Бердібек Сапарбаев Қордайдағы қоғамдық-саяси ахуал туралы айтты

2020 жылдың 28 мамыр 2020 07:15

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қордай ауданында болған тәртіпсіздіктер кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір басшысы Қордай ауданында болған жағдай тұрғындарды әлі де толғандырып жүргенін жеткізді.

«Біріншіден, қазір бұл ауданда әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдай тұрақталды. Барлық мәселе бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы барлық мәселені бақылауға алып, қабылданған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда біз зардап шеккен азаматтарға демеушілердің есебінен 44 миллион теңге көлемінде көмек бердік», - деді Б.Сапарбаев.

Қордай ауданында орташа дәрежеде зақым келген барлығы 110 үй қалпына келтірілді.

«Қазір қалған 39 тұрғын үй мен 20 коммерциялық нысанды жөндеп жатырмыз. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр. Оған қосымша, қазіргі таңда індетпен қатар келген дағдарысқа байланысты мемлекет тарапынан жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, салу жөнінде қолға алынып жатқан ауқымды шаралар аясында Қордай ауданының өзінде жүзден астам жобаны жүзеге асыруға 20,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы негізінен зардап шеккен Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына мектеп, спорт, мәдениет нысандарын салуға, жолдарды жөндеуге, ауыз су, жарық және газбен қамтамасыз етуге жұмсалмақ», – деді Б.Сапарбаев.

Брифинг соңында Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желі арқылы келіп түскен тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Өңір басшысы барлық талаптар сақталатын болса, облыс орталығында қоғамдық көліктердің қозғалысына таңертең, түсте және кешке рұқсат берілетінін атап өтті.

Ол бұл мәселенің қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, базар адам көп шоғырланатын аумақ болғандықтан, онда вирустың таралу мүмкіндігі жоғары. Сол себепті қатаң санитарлық талаптар сақталатын кезде ғана, барлық жауапкершілікті базар басшылығы өз мойнына алып, сақтық, тәртіп, тазалық шараларына мұқият мән беретін болса, ол нысандардың жұмысын жандандыру алдағы штаб отырысында сараланатыны айтылды.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы тәртіпсіздікті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Үкіметтік комиссия құрылды, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырмалар берілді.

Тәртіпсіздіктер кейін Қордай, Ауқатты, Сортобе елді мекендерінде де болды.

Мәлім етілгендей, жанжалға басқа ауылдардан келген 300-ден астам адам қосылған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған. Оқиға орнында 8 адам, ауруханада 2 адам көз жұмды.

9 ақпан күнгі мәлімет бойынша, медициналық көмекке 165 адам жүгінген. Тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға - 140 адам, Қырғызстандағы медициналық ұйымға - 25 адам жеткізілді. «Қазақстандағы ауруханаға жатқызылғандардың ішінде тұрақты ауыр жағдайда 30 адам, ал аса ауыр жағдайда 8 адам бар. Қайтыс болғандардың саны – 10. Оқиға орнында 8, ал тағы 2 адам медициналық мекемеде қайтыс болды. Қазіргі таңда әлі 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Жанжалдарға қатысы бар деген күдікпен 47 адам ұстал ып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы тәркіленді. Кейін олардың 44-і босатылды.

ҚР ІІМ мәліметінше, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік көршілес екі ауыл тұрғындары арасында басталған.

10 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрдің орынбасары қызметін босатылып, Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

18 наурызда оқиғаға қатысы бар 3 адамға сот үкімі шығып, олардың әрқайсысына 1,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚР Бас прокуратура 27 наурызда мәлім еткендей, Жамбыл облысында, Алматы және Шымкент қалаларында Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Оның нәтижесінде 25 адам ұсталды. Олардың ішінде қазақтар, дүнгендер, қырғыздар бар. Оның 7-еуі бұрын сотталған.

29 сәуірде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталып, Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалған тағы бір күдікті өлі күйінде табылды.

Жамбыл облысының Қордай ауданында ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты жаңа жоба қол алынды.






Жоғары қарай