Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Белгілі саясаттанушы қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды

2021 жылдың 14 маусым 2021 19:10

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибутов коронавирус вакцинасының екі дозасын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саясаттанушы 2020 жылдың шілде айында коронавируспен ауырғанын айтты.

«Мен коронавирус жұқтырған кезде бір апта қатты ауырдым. Қалпыма келу үшін екі айға жуық уақыт керек болды. Физикалық жүктеме өте ауыр болды. Биыл мен вакцина салдырдым, 1 мамырда бірінші компонент, 24 мамырда екінші компонентін алдым. QazVac екпесін салдырғым келген, бірақ менің үйімнің жанындағы вакцинация пунктінде «Sputnik V» ғана болды. Сондықтан соны алдым. Қазір жағдайым жақсы», - дейді Марат Шибутов.

Сонымен қатар, ол қазір Қазақстанда, Алматыда төрт вакцина бар екенін атап өтті. Олар - «Sputnik V», Hayat-Vax, QazVac және CoronaVac.

«Басқа елдермен салыстырғанда, бұл - үлкен артықшылық және мүмкіндік. Кейбір мемлекеттің тұрғындары вакцина салдыру үшін басқа елдерге баруға мәжбүр, өйткені өз елдерінде вакцина алу үшін жарты жылға жуық уақыт күтеді. Ал, қазақстандықтар қазір асықпайтын сияқты, екпе салдыру жұмыстары саябырсып қалды. Мен 1 мамырда вакцина пунктіне барғанымда ұзын-сонар кезек болды, бірақ 24 мамырда адам аз болды. Бұған адамдар жауапкершілкпен қарау керек. Мысалға, Израильді алайық, онда халықтың 75% -на вакцина егілді. Демек, оларда санитарлық шектеулер жоқ. Ең бастысы, оларда коронавирусты жаппай жұқтыру төмендеді. Тек жекелеген жағдайлар. Қытайда 9 маусым күні 800 млн жуық адам вакцинацияланған. Олар күніне 16-17 млн тұрғынға екпе салады. Бізге де шектеу режимінен шығу үшін адамдарға вакцинация қажет», - дейді ол.

Оның айтуынша, коронавирусқа немқұрайлық танытуға болмайды. Бұл өлімге әкелуі мүмкін.

«Құрметті Алматы қаласының тұрғындары! Сіздерге жүгініп отырмын. Карантин алынып тасталуы үшін және бұрынғы қалыпты өмірімізге оралу үшін екпе салдыруымыз қажет. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың 70% вакцинациялануы тиіс. Сондықтан сіздерді вакцина алуға шақырамын», - деді саясаттанушы.


Жоғары қарай