Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бельгия премьер-министрін өлтірем деп қорқытқан адам ұсталды

2020 жылдың 27 қараша 2020 09:33

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгияның Льеж провинциясындағы Варемм аймағының тұрғыны Бельгия премьер-министрі Александр де Крооны өлтіремін деп қорқытқаннан кейін қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Мен газеттердің басты бетіне шығамын. Мұны жалғыз жасамаймын. Мен сені күтемін, Де Кроо», - деп жазған белгісіз ер адам Бельгия премьер-министрінің электронды поштасына.

Бельгиялық БАҚ-тың хабарлауынша, ер адамды федералды полицияның терроризмге қарсы бөлімі дереу ұстаған. Құқық қорғау органдары оның кәсіпкер екенін анықтады. Ұсталған адамның бизнесіне елдегі қабылданған шектеу шаралары кері әсерін тигізген.

Министрлер кабинеті басшысына жазған хатында ер адам оның компаниясын құрдымға кетірген коронавируспен күрес шараларына шағымданған. Сондай-ақ ол көптеген адамның аталған талаптарды сақтамайтынын жазған. Хатты ашуланып жоғарыда көрсетілгендей қоқан-лоққылармен аяқтаған.

Осы әрекетінен кейін кәсіпкерді қауіпсіздік қызметкерлері өз үйінде тұтқындады.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Бельгияда пандемияның «екінші толқынын» тоқтатуға арналған қатаң шектеулер бар. Азық-түліктен басқа дүкендер жабылды, кәсіпорындардың көпшілігіне қашықтан жұмыс істеу туралы нұсқау берілді.

Ертең Бельгия Үкіметі «локдаунға» қатысты қазіргі жағдайды қарастыратын отырыс өткізеді және кейбір шектеулерді «жеңілдету» туралы шешім қабылдануы мүмкін.


Басты сөздер: Әлем, Еуропа,
Жоғары қарай