Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Байқоңырда карантин тағы бір аптаға созылды

2020 жылдың 2 тамыз 2020 19:23

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысында қала аумағында карантин шараларын ұзарту жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі апта бұрын шұғыл штаб карантинді 2 тамыздан бастап жұмсартуды жоспарлаған еді. Статистикаға сенсек, шілде айында ауру жұқтыру деңгейі біршама төмендеген, бірақ бұл көрсеткіш әлі орнықты емес. Сондықтан шектеу шаралары тағы бір аптаға, яғни 9 тамызға дейін ұзартылды.

Шұғыл штаб мүшелері азық-түлікке жатпайтын тауарлардың таза ауадағы саудасын қайта жандандыру ұсынысын қолдады. Оқшаулану режимінің уақыты - түнгі 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін.

3 тамыздан бастап Байқоңыр қаласына кіреберістегі өткізу бекетінде қауіпсіздік басқармасы мен қалалық әкімшілік мамандары жұмыс істейді. Олар Төретам мен Ақай елдімекендері тұрғындарының шұғыл жағдайда қалаға бір мәрте кіріп-шығуына және қала халқының қаладан шығуына рұқсат беретін құжаттарды рәсімдейді.

«Келесі аптаның соңына қарай шаһар аумағында коронавирус инфекциясы жағдайының даму үрдісі айқынырақ көрінеді. Бұл медицина мамандарының шектеу шараларын әрі қарай қатайту керек пе, әлде жұмсартқан жөн бе - сол жөнінде нақты шешім шығаруына мүмкіндік береді» деп атап өтті шұғыл штаб төрағасы, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин.

Ресми мәлімет бойынша, 31 шілдеге дейін қалада 959 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. 90 адам инфекциялық стационарда ем алып жатыр. 1 маусым мен 31 шілде аралығында 351 науқас індеттен жазылып, үйіне шыққан, 60 сырқат қайтыс болған.


Автор: Сара Қабиқызы


Жоғары қарай