«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері тексеруден сәтті өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері 24 қазан мен 5 қараша аралығындағы инспекторлық тексеруден сәтті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, үш жылда бір рет өтетін аталмыш шара мақсаты - жеке құрам мен әскери бөлімдердің жауынгерлік міндеттерін атқарудағы дайындығын жан-жақты тексеру. Екі апта бойы комиссия төрағасы, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов бастаған сардарлар Ақтаудағы 6656, 3502, Атыраудағы 5546, Жаңаөзендегі 5548, Ақтөбедегі 6655, Оралдағы 5517-әскери бөлімдері жеке құрамдарының елу пайыздан астамын, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасын тексеруден өткізді. Әсіресе, сардарлар мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлердің кәсіби дайындығына баса назар аударылды.
Әскери қызметкерлер саптық байқау, дене және тактикалық дайындық, нысана көздеу, кермеге тартылып, 100 және 1 мың метрге жүгіруден сынға түсті. Мысалы, нысана көздеуде полковниктер Тұрсынғали Дүйсемәлиев, Бегайдар Құрттыбаев, подполковниктер Асылбек Шайкамалов, Еркін Жаңабергенов, Еділ Аймағамбетов және басқалар ерекше көзге түссе, мемлекеттік-құқықтық дайындық және жарғыны білуден подполковниктер Әлішер Әбдірасыл, Бақберген Әнешов, Болатбек Мұхамбетқалиевтер алда болды.
«Инспекторлық тексеру кезінде әр әскери қызметкердің міндеті - озық нәтиже көрсету. Тексеру кезінде жеке құрам барлық сынақтарды ойдағыдай тапсырып, моральдық-психологиялық, дене және әскери дайындықтарының жоғары деңгейде екендігін көрсете білді. Басты мақсат - Елбасы тапсырмаларына сәйкес әскери қызметкерлерге жүктелген жауапкершілік пен сенім биігінен толық көріне білу», деді «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров.









































