Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда жасотандықтар дәрігерлерге қымыз жеткізуде

2020 жылдың 22 шілде 2020 17:48

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық жасотандықтар «Ақ халатты абзал жандар ауырмасын» атты шара аясында дәрігерлерді қымызбен қамтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Jas Otan» жастар қанаты БҚО филиалының консультанты Ерлік Шамғалидың айтуынша, 10 шілдеде басталған шара тамыз айының соңына дейін созылмақшы.

Мұндағы мақсат – Covid-19 дертіне шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынас жасап, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне күн сайын қымыз бен саумал жеткізіп, иммунитеттерін көтеріп, бүгінгі күннің батырларына қолдау көрсету.

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың қолдауымен жергілікті «Жайлау» шаруа қожалығымен келіссөз жасалып, соның нәтижесінде жасотандық еріктілер бір ай бойы облыстық, қалалық көпбейінді ауруханалар мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жалпы көлемі 1 тонна сусынды күн сайын жеткізіп отырмақшы.

Аталған шара өңірдің 12 ауданында, сондай-ақ Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында жалғасын тапты.








Күні бүгінге дейін облыс дәрігерлеріне 400 литр қымыз ұсынылды.

«Қымызбен шектеліп қалмай, 21 шілдеден бастап жәдел жәрдем қызметкерлеріне ыстық тамақ таратуды жоспарлап отырмыз. Әрине, қымыз, шұбат, бір мезгілдік тамақпен ешкімнің жыртығын жамай қоймаспыз. Дегенмен әңгіме ақ желеңді абзал жандарға деген шынайы көңіл, ыстық ықылас, ниетте. Олар да өздеріне жан-жақтан қолдау білдіріп жатқандарды көріп, індетпен күресте жалғыз еместігін сезініп, алғысын айтып жатады», деді Ерлік Шамғали.

«Мен осы салада жеті жылдан бері еңбек етіп келемін. Коронавирус жұқпасы анықталған 29 наурыздан бері буфетте жұмыс жасаудамын. Бізге қолұшын созған жандардың бәріне шын көңілден ризашылығымызды білдіреміз», деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкері Зәуреш Қабашева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда пневмониямен 1600 адамның ауырғанын жазған болатынбыз.


















Жоғары қарай