Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді

2021 жылдың 31 мамыр 2021 22:02

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 31 мамырдағы жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қаулы 2 маусымнан бастап күшіне енеді.

Облыстың сары аймаққа кіруіне байланысты шектеу шаралары жеңілдетілді.

Атап айтқанда, бұған дейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80, жеке кәсіпкерліктегілердің 50 пайызы қашықтан жұмыстан жасап келген еді. Енді 2 маусымнан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының кемінде 50 пайызы жұмысын қашықтан атқарады.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар, ұйымдар, офистер қызметкерлерге COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жүргізілген жағдайда қашықтан және штаттық форматта жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық арақатынасы жөніндегі талаптарды ескермей қызметін ұйымдастыра алады. Осы орайда екпенің толық курсынан өткен және соңғы алты айда коронавируспен ауырып, емделіп шыққан барлық қызметкерлер штаттық режимде жұмыс істей алады.

Алайда жиналыс, кеңестер, семинар, конференциялар селекторлық режимде және бейнебайланыс арқылы өткізіледі.

Басқа да карантиндік талаптар сақталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда блокпостар алынғанымен, шектеу шаралары сақталатынын, өңірде 68 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы егілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 360-қа жуық адамнан коронавирус табылды.






Жоғары қарай