Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда әділдік іздеген тұрғындар «Адал көмекке» жүгінді

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 22:28

ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Адал көмек» жобасының жетекшісі, адвокат Айман Омарова Оралдағы Антикор орталығында тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Омарова елудей адамды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді.

Тұрғындарға түрлі мәселелер бойынша заңгерлік кеңестер берілді. Соның ішінде мүгедектер құқығын қорғау, тұрғын үй, сот шешімдерімен келіспеу сияқты түйткілді жайттар болды. Яғни негізінен әділдік іздегендер «Адал көмекке» жүгінді.

Айман Омарова сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирде сауалдарға жауап берді.

«Адал көмек» жобасы биылғы жылдың ақпанынан бастау алды. Біз әлеуметтік осал топтарға, көп балалы, жағдайы қиын отбасыларға, сондай-ақ түрлі қиындыққа тап болған адамдарға заңгерлік кеңес береміз. Күні бүгінге дейін 30 мыңдай мәселе бойынша сауалдарға жауап берілді. Қысқасы, сұрақ көп. Адамдарды тікелей қабылдап, сондай-ақ онлайн түрде де жауап берудеміз», деді Айман Мұратқызы.




Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің өкілдерімен бірге «Халық үні» жобасы бойынша да Шыңғырлау ауданы мен Орал қаласында жұртшылықпен кездесіп, тұрғындарды қабылдайтын болады.

Аталмыш жоба мақсаты – халықпен кедергісіз байланыс орнату және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттыру.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екендігін атап өткені белгілі.

«Осы орайда «Адал көмек» пен «Халық үні» жобалары билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтуды көздеп, тұрғындардың түрлі мәселелерінің барынша тез шешілуіне жәрдемдеседі», деді ҚазАқпарат тілшісіне Айман Омарова.


Жоғары қарай