Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Батыс Қазақстанда 5 мыңға жуық талапкер ҰБТ сынағынан өтті

2020 жылдың 1 шілде 2020 17:51

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ҰБТ сынағы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде 22 маусым – 1 шілде аралығында 9 тестілеу пунктінде ҰБТ тапсыру ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталықтары мен Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде талапкерлер тестілеуден өтті.

Барлық тестілеу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалды: тосқауыл үшін қажетті жылжымалы ленталар, дезинфекциялау тоннелі, санитайзерлер, аяқкиімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, тепловизор, маска, қолғаппен қамтамасыз етілді.

Жергілікті полиция бөлімдерімен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында кезекшілік ұйымдастырылды. Тестілеу орындарында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем де болды.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, ауылдардан 1732 түлек ҰБТ пункттеріне жеткізілді.

Өңірде барлығы 5066 үміткер ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірсе, соның 187-сі тест тапсырудан өз еріктерімен бас тартты.

Тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 25 түлек тестілеуге жіберілмеді. Сондай құралдармен ұсталған 20 үміткер аудиториядан шығарылып, тест нәтижелері жойылды.

Карантинде болуына байланысты 3 түлек және қызуы жоғары екені анықталған 1 тестіленуші ҰБТ тапсырмады.

Осылайша облыста барлығы 4828 талапкер сынақтан өтті.

Биылғы ҰБТ тапсырудағы жаңалықтың бірі – SAT, ACT, IB халықаралық стандартталған тесттерінің балын Ұлттық бірыңғай тестілеу балына ауыстыру шкаласы енгізілді. Осыған орай дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің екі түлегі Әміржан Армандиев пен Шынар Марсқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 140 балл көрсетілген сертификат табыс етіліп, олар ҰБТ тапсырудан босатылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда алты күнде 3 мыңға жуық талапкердің ҰБТ сынағынан өткенін жазған болатынбыз.



Жоғары қарай