Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 464 млрд теңгеге сегіз жаңа жоба іске қосылды

2021 жылдың 25 қараша 2021 21:22

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 464 млрд теңгеге сегіз жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде 1515 жұмыс орны ашылды.

Оның сөзіне қарағанда, «ҚПО б.в.» компаниясы Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасын (жалпы құны – 445,6 млрд теңге, жұмыс орны – 1100) жүзеге асырды.

Сондай-ақ жуырда «World Green Company» ЖШС Бәйтерек ауданында қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай кешенін (құны – 14 млрд теңге, жұмыс орны – 160) пайдалануға берді.

Орал қаласында «Квант» ЖШС жалпы құны 2 млрд теңгеге бағаланған (100 жұмыс орны) жиһаз фабрикасын іске қосты.

Оған қоса «UralskTradeCompany» ЖШС-ының сүт зауытын (1 млрд теңге, 50 жұмыс орны), басқа да жобаларды айтуға болады.

Жалпы, биыл 685 млрд теңгенің 15 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

«Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысына инвестициялар тарту, инвестициялыық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің төрт отырысы өткізіліп, 534,8 млрд теңгеге бағаланған 17 жоба қолдау тапты. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 3390-нан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар өткен жылдан бастап «Бизнеске арналған үкімет« қызмет етуде. Жоба аясында бизнесті ашу және қолдау үшін мемлекеттік қызметтердің 50-ден астам түрі көрсетіледі. Күні бүгінге дейін 400-ге жуық кәсіпкерлік нысанына 70-тен астам кеңес беріліп, 500-ден астам қызмет көрсетілді», деді Ж.Батырниязов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңа мектеп пайдалануға берілетінін жазған болатынбыз.


Жоғары қарай