Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 12 сынып карантинге жабылды

2021 жылдың 14 қазан 2021 13:35

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 120 оқушыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, сондай-ақ осы мерзімде 23 мұғалімнің індет жұқтырғаны тіркелді.

Облыс бойынша 10 мектепте 12 сынып оқушылары мен мұғалімдерін үй карантиніне көшіру туралы 10 қаулы шығарылды.

Оған қоса осы айда орта арнаулы оқу орындарында 3, ЖОО-да 8 студенттің ауырғаны белгілі болды.

Күн сайын педагогтар мен оқушылар, студенттер мен қызметкерлер арасында мониторинг жүргізілуде.

Департамент мәліметіне қарағанда, 1 қазаннан бері өңірде 701 науқас тіркелді.

Соның ішінде 59 пайызы (406) ЖРВИ белгілерімен тексерілсе, 26 пайызы (186) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 14 пайызынан (102) профилактикалық мақсатта, 1 пайызынан (7) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Жас ерекшеліктері бойынша 116-сы – 14 жасқа дейінгілер, 45-і – 15-17, 34-і – 18-25, 146-сы – 26-40, 192-сі – 41-60 жас аралығындағылар, 168-і – алпыстан асқандар. КВИ 41-60 жастағылар арасында көбірек ұшырасып отыр.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстанда 28 952 адамнан коронавирус табылды, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 4383,1-ден келеді.

Соңғы аптада (7-13 қазан – 363) алдыңғымен (30 қыркүйек – 6 қазан – 395) салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 8,1 пайызға төмендеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да созылмалы сырқаты барлардың вакцинацияға жиі келе бастағанын жазған болатынбыз.




Жоғары қарай