Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 11 млн теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді

2020 жылдың 6 тамыз 2020 22:50

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану және фармацевтикалық қызмет саласындағы ережені бұзудың 45 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құны 11 млн теңгені құрайтын 6 029 орама, 31 615 ампула, 5 құты дәрілік заттар және 2 600 медициналық бұйым тәркіленді.

Сонымен қатар дәрілік заттарды ұрлау дерегі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді.

Атап айтқанда, Сырым ауданында ауылдық амбулатория қызметкерінің дәрілік заттарды сатқаны әшкереленді. Оның үйінен 50 дана дәрі-дәрмек алынды.

Сол секілді Бәйтерек ауданында гуманитарлық көмек ретінде берілген дәрі-дәрмекті жымқыру дерегі белгілі болды. Дәрілік заттарды еріктілер мен әкімдік қызметкерлері аудандық ауруханаға берген. Тексеріс нәтижесінде 91 орама дәрілік заттың жетіспейтіні анықталды.

Қазіргі кезде осы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Карантиндік шектеу шараларын бұзғаны, соның ішінде бетпердесіз жүргені үшін 304 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Мысалы, көлікті бетпердесіз жүргізгені үшін Оралда №2 бағытта қатынайтын автобус жүргізушісі осындай жауапқа тартылды. Сондай-ақ аса бір қажеттіліксіз түнгі сағат 23.00-ден кейін көлігімен жүргені үшін тағы бір оралдық тұрғын да жазасыз қалмады.

Қазіргі таңда жедел топтар өз жұмыстарын жалғастыруда.

Еске сала кетейік, БҚО-да карантин тәртібін бұзғандарға 20 млн теңгеден астам айыппұл салынды.




Жоғары қарай