Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстан өңірінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп келеді

2020 жылдың 19 қазан 2020 16:24

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіп кешенін дамыту елімздің басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында осы салаға ерекше тоқталып, бірқатар тапсырмалар берген еді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Аграрлы аймақтың жетістіктері аз емес. Қаржы институттары арқылы Батыс аймақтағы барлық бағыт мемлекет тарапынан қаржыландырылып, соның нәтижесінде кәсібін өрге домалатқан еңбеккерлер өзіне де, елге де септігін тигізуде.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асырушы қаржы институттарының бірі – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл мен қала тұрғындарын шағын несиемен қамтамасыз етіп келеді. Шағын кәсіптен бастағандардың арасында бизнесін кеңейтіп, айналым капиталын арттырғандар өте көп. Қор кез келген кәсіп түріне несие береді. Ең бастысы мемлекеттік бағдарламаның талаптары орындалса болғаны.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында тұратын жеке кәсіпкер Мұрат Баймұхамбетов екінің бірінің қолынан келе бермейтін қызмет түрін көрсетеді. Ол 6 млн теңге несие алып, кәсіп бастаған. Нақты айтқанда, «Diesel Energy Kz» жеке кәсіпкерлігінің басшысы дизель отынымен жүретін техникалардың электронды форсункаларын жөндейтін заманауи қондырғы сатып алған. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланушыларға таптырмайтын қызмет.

«Мен «Еңбек» бағдарламасына қатысып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алдым. Бұл маған құрал-жабдықтар сатып алып, жеке бизнесімді бастауға көмектесті. Осы кәсіппен табыс тауып, өзгелерге де көмек қолымды соза аламын», - дейді жеке кәсіпкер Мұрат Баймұхамбетов.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіппен айналысамын дейтіндерге несие 6 %-пен береді. Оның жылдық тиімді сыйақысы 6,7 %-тен аспайды. Ал, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 %-пен берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшері 4,7%-тен аспайды. Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы да кең қанат жайған. Шағын шаруашылықтарын үлкен шаруа қожалығына айналдырған фермерлер бар. Солардың бірі Сырым ауданына қарасты Шағырлыой ауылындағы «Тіленші» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Ерген Таумышев 2013-жылы Қордан 10 млн теңге несие рәсімдеп, 52 бас сиыр мен 2 бұқа сатып алған болатын. Бұл несиені мерзімінен бұрын жауып тастаған ол биыл тағы несие алыпты.

«Менің мал шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма жиырма жылға жуық уақыт болып қалды. Осы малдың арқасында жағдайымызды жақсарттық, еңбегіміз ақталып келеді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан биыл екінші рет 30 млн теңге несие алған едім. Ол қаржыға 90 бас ірі қара сатып алдым. Малымның басын көбейтуді алдыма мақсат етіп қойғанмын, сол мақсатым орындалды. Әрине, мал өсірудің өзіндік бейнеті, қиыншылығы бар. Бірақ, мал баққанға бітеді. Сондықтан, еңбек еткен адам ғана үлкен жетістікке жетеді деп ойлаймын. Қалай десек те, малда береке барын көзбен көріп отырмыз», - дейді қожалық басшысы Ерген Таумышев.

Айта кетейік, «Тіленші» шаруа қожалығына тиесілі 1 445 гектар жайылымдық жер бар. Дәл қазір қожалық өріске 250-ге тарта ірі қара мен 70-ке тарта жылқы өргізіп отыр. Мал азығын дайындайтын техникалары да жеткілікті. Үш адамға жұмыс беріп отыр. Оның екеуі малшы, біреуі механизатор.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мал шаруашлығымен айналысамын деушілерге 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие береді. Ірі қара, қой, жылқы және түйе шаруашылығын дамытуға берілетін несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері субсидияны қоса есептегенде 6%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6,7 %-тен аспайды. Екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған.

Мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаған кәсіпкерге қойылатын бірқатар талап та бар. Ең алдымен әрине, ірі қара ұстайтын қорасы мен жайылымдық жері болуы қажет және төлін бордақылау алаңына тапсыру жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс. Қазіргі уақытта шаруалардың барлығы қолда бар малын асылдандырып, сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қордан несие алған кәсіпкер де малын асылдандыруы тиіс. Өйткені, асыл тұқымды малдың ұтымды тұстары көп. Егер, бірден асыл тұқымды сиыр сатып алынатын болса 25% жеке меншік мүлікті және 75% сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру мәселесі де қарастырылған.

Қой шаруашылығын дамытамын дегендердің де қора-жайы мен жайылымдық жері болуы тиіс. Тоқтыларын ет өңдейтін кәсіпорынға тапсыру келісімшартын жасасады. Түйе шаруашылығы бойынша да түйенің сүтін, жүнін қайта өңдеу кәсіпорнына тапсыру жөнінде келісім жасалуы керек. Жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруаларға тек қора-жайы мен жайылымдық жері болса жеткілікті.

«Биыл Батыс Қазақстан филиалы жалпы сомасы 2 050,8 млн теңге болатын 524 несие берілді. Оның ішіндегі 469 несие «Еңбек» бағдарламасына тиесілі. Осы несиелеудің нәтижесінде 627 адам жұмыспен қамтылды. Қазіргі уақытта Орал қаласының кәсіпкерлерін қаржыландыру жалғасуда, жыл соңына дейін жалпы сомасы 500 млн теңге болатын 50-ден астам несие беру жоспарлануда», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының БҚО филиалының директоры Ербұлан Түшкенов.

Бүгінгі таңда кәсіп істеймін деген адамға мемлекет барынша мүмкіндіктер беріп отыр. Тек оны тиімді пайдалану қажет. Ең бастысы – ерінбей еңбек ету керек.


Жоғары қарай