Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада 20 адам коронавирустан қайтыс болды

2021 жылдың 26 тамыз 2021 17:11

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада 20 адам коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыста 1459 төсектік 20 инфекциялық стационарда 573 науқас емделуде.

Соның ішінде Орал қаласында 911 төсектік 7 ауруханада 455 адам жатыр.

Стационарлардағы 109 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 41 науқас ем қабылдауда.

Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 6,9 пайызға (63 науқасқа) азайды.

Басқарма мәліметіне қарағанда, биыл жыл басынан бері індет жұқтырған 25 201 адамның 17 533-інде ауру белгілері болса, 7668-і – симптомы жоқтар.

Қаңтардың 1-інен бері 2058 баладан індет табылса, соның 1993-і жазылып шықты. 65-і әлі ауырып жатыр.

Облыста тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда. Күні бүгін 9491 медицина қызметкері, 15 973 педагог, 4411 құқық қорғау органдарының өкілдері (89,27 пайыз), өнеркәсіп кәсіпорындарының 2896 қызметкері (99,01 пайыз), сондай-ақ медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінде жұмыс істейтін 1292 адам (94.1 пайыз) екпе салдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 435 адамның коронавирус жұқтырғанын, 200 мыңға жуық адамның коронавирус екпесін салдырғанын жазған едік.




Жоғары қарай