Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Басы дауға қалған Алматы облысының бас санитарлық дәрігері халықтан кешірім сұрады

2020 жылдың 13 тамыз 2020 23:21

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысына жаңадан тағайындала салысымен басы дауға қалған бас санитарлық дәрігер не себепті халықпен дөрекі сөйлескенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол жерде шын мәнісінде қарапайым тілмен түсіндіргім келді. Соны басқа жағынан бұрмалап жіберген екен. Егер шын мәнісінде сырттай солай көрініп тұрған болатын болса, мен халқымнан, елімнен кешірім сұраймын. Мойнымен айтқан, істегенді мойныңмен көтеру керек. Бірақ бұл жерде шын мәнісінде балағаттайтындай, біреудің ар-намысына тиетіндей әңгіме болған жоқ».

Халықтың сынына қалған Ерғали Сыдыманов Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасын 2005 жылдан 2019 жылға дейін, яғни тура 14 жыл басқарған. Ал былтыр Маңғыстау облысына дәл осы қызмет бойынша ауысып, ол жақта бір жыл басшылық лауазымда болып, кеше ғана Алматы облысына қайта келген. Маңғыстау облысында ол тіпті «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен де марапатталыпты. Кәсіпкерлерге «басымды қатырмашы» деген Бас санитар дәрігердің тағдыры қалай болатынына енді тиісті органдар бас қатыратын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысына жаңадан тағайындалған Бас санитарлық дәрігердің кәсіпкерлермен сөйлескен видеосы желіге тарап, халықтың ашуын тудырды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Ерғали Сыдымановтың халықпен сөйлесу әдебі бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге «басымды қатырмаңдар» деген мемлекеттің қызметшісінің үстінен тәртіптік іс қозғалғанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.


Жоғары қарай