Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бас прокурор әрі әділет министрі: Отыз жасында екі бірдей қызметті атқарған Жанайдар Сәдуақасов туралы не білеміз

2018 жылдың 30 мамыр 2018 19:26

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жанайдар Сәдуақасов жиырма жасында жасындай жарқылдап, отыз жасында Қазақстанда екі бірдей мемлекеттік қызметті қатар атқарған үлкен тұлға. Қайраткердің сталиндік репрессиялар қарқындап тұрған қасаң заманда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге тырысқан қайсарлығын жұртшылық біле де бермеуі мүмкін. Қысқа ғана ғұмырында Алаш қайраткері ондаған қызмет атқарып үлгеріпті. Мансабы жоғарылаған сайын халқына деген адал еңбегі барынша көрінді. Тоталитарлық жүйе туралы ашық айтты. Сол үшін қызыл империяның құрығына ілінді.

Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен елді мекені) деген жерде дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танып, Ақмоладағы орыс мектебін бітірген соң ауылына оралады. 1914 жылы Омбы гимназиясында оқып жүрген кезіңде қазақ жастары құрған «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымына, одан кейін «Жас қазақ» пен «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» ұйымдарына басшылық етті. 1917 жылы қазанның басында өткізілген қазақ жастарынын съезіне қатысады. Осы кезде Сәдуақасов халық арасында алаштық идеялардың таралуына үлес қосады. Колчак билігі орнаған шақта астыртын жұмыспен айналысып, жазушы Березовский арқылы саяси ұйымдармен байланыс жасайды. Ал 1918 жылдың 22 желтоқсанында қарулы көтеріліске қатысады. Екі жылдан кейін халықты ағарту, атқару комитеттері жұмыстарына араласады.




null

1922 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалғаннан бастап Жанайдар Сәдуақасов мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге, заңнамалық күші бар қаулылар мен ережелерді әзірлеуге қатысады. Ол басшылық қабілеті мен табиғи таланты арқасында қызмет бабымен жылдам жоғарылап отырды. Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің мең­герушісі, Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры, ҚКСР Қаржы Халық Комиссарының орынбасары, Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Алматы қалалық және облыстық партия комитетінің хатшысы секілді бірқатар жауапты мемлекеттік қызметтерді он сегіз жылдың ішінде атқарып шықты.




null
Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін ресми іс жүргізу үрдісіне енгізуге сіңірген еңбегі зор. Ол қазақ тілін мемлекеттік аппарат жұмысына енгізу арқылы басқару тіліне айналдыруға тырысты. Тарихшы Хангелді Әбжановтың айтуынша, Жанайдар Сәдуақасовтың мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты айтқан сөзі де әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Алаш қайраткері қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеруге қатысты: «Ол мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді, зерделеуді және оны аса сақтықпен жүзеге асыруды талап етеді», - деп айтқан.

«Тура бүгінгінің сөзі. Осыған байланысты жасап кеткен бағдарламалық тапсырмалары, ойлары да бар. Асықпай, кезең-кезеңімен жасау керек деп отыр ғой. Алдымен болыстық деңгейде, одан кейін орталық мекемелерде, сосын бір ғажабы, мынадай талап қояды. «Қазаққа қызмет 100 пайыз қазақ тілінде көрсетілетін болсын», - дейді. Қазір қазақ азаматтары «ЦОН»-ға барса да, кассаға барса да, қазақша қызмет көре алмайды. Жанайдар Сәдуақас соны білген сияқты», - деді таримхшы Хангелді Әбжанов Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120 жыл толуына арналған конференцияда.



null

1932-1933 жылдары голощекиндік асыра сілтеу саясатының салдарынан республиканы аштық нәубеті жайлады. Халық аштық пен жұқпалы аурулардан қырыла бастады. Сол кезде Жанайдар Сәдуақасов туған еліне жәрдемдесуге алғашқылардың бірі болып ұмтылды. Аштық жайлаған аймақтарды аралап, халыққа материалдық және медициналық көмек көрсетті. Голощекиннің сұрқия саясатын ашық сынға алды.

«Жанайдар Сәдуақас репрессиялар мен ашарлық кезінде үлкен қайраткерлік танытты. «Халықты қорғаймын» деген жанашырлығы барынша көрінді. 1933 жылы он күн бойы өлкелік партия комитетінің пленумы болды. Мирзоянның жаңадан келген кезі. Сонда халықтың жағдайы егжей-тегжейлі талқыланды. Сол кезде Жанайдар Сәдуақастың айтқан бір ауыз сөзі ешқашан ұмытылмайды. Жанайдар айтады, осындай алапат апат болып жатқанда біздің Голощекинге қылмысын бетке айтатын, ақиқатты ашық жеткізетін еркектігіміз жетпеді. Бұл - қазақ зиялысының қасіреті. Осы қорқақтық, үрей біздің аға ұрпақтың бойынан әлі кеткен жоқ. Ол - тоталиризмнің бізге тастап кеткен үлкен жүгі», - деп атап көрсетті Х.Әбжанов.



null

Мемлекеттік қызметтермен қатар Жанайдар Сәдуақасов ұлт­тық баспасөзді дамытуға үлкен үлес қосты. Қазақ басылымдарының санын арттыруға күш салды. «Егемен Қазақстан» газетінде алты айдай уақыт істесе де, біраз шаруаны тындырып кетті.

«Жанайдар Сәдуақасұлы «Егемен Қазақстанда» ең қиын кезеңде жұмыс істеген. Ол кезде газеттің атауы - «Социалды Қазақстан». 1936 жылы бес-алты ай Жанайдар ағамыз осы басылымды басқарды. Репрессиялардың енді басталайын деп жатқан кезі еді. Сол кездегі қысымға қарамастан, «Жауларды әшкерелейік!» деген ұрандарға қосылмай, газетті ұлтқа қызмет етуге жұмылдырған. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың 1916 жылға байланысты үлкен кітабынан үзінді берілді. Ол кезде Рысқұловтың материалдарын беру өте қауіпті болған. Жанайдар Сәдуақасов газетке келе сала, «Түркістан - патшалық Ресейдің колониясы», «Түркістан мен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» сияқты тақырыптарға тұтас газетті арнады. Газеттің 5 қыркүйектегі санында да тұтас көтеріліс туралы жазды. Онда Санжар Асфендияров, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің материалдарын берген. Сол сияқты түркі халықтарының әдебиеті мен мәниетіне үлкен мән берді. «Шахнамені» жариялаған. Жалпы, бес-алты айдың ішінде Жанайдар Сәдуақасұлы үлкен қолтаңбасын қалдырды», - дейді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі.



null

1937-жылғы сталиндік репрессияның қанды құрығы Жанайдар Сәдуақасовқа да түсті. 1937-жылы 17 қыркүйекте ол қамауға алынып, 1938 жылы 25 ақпанда атылды. Оған «буржуазияшыл-ұлтшыл, террористік және контрреволюциялық ұйымға басшылық жасады, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады» және тағы басқа айыптар тағылды. Бертін келе, Жанайдар Сәдуақасов ақталды. Дегенмен, Тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш қайраткеріне бір мектептің атын берудің өзі біраз уақытқа созылды.
Ғалымдардың айтуынша, Жанайдар Сәдуақасовтың атымен көше ашсақ та, артық болмайды. Себебі халық өз батырларын білуі керек...

Жоғары қарай