Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Барлық өңірдегі ҮЕҰ-лар белсенді жұмыс істеп жатыр - Бану Нұрғазиева

2020 жылдың 23 қараша 2020 17:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін IX Азаматтық форум жұмысын бастады. Алғашқы Азаматтық форум 2003 жылдың 14 қазанында өтті. Осы уақыттан бастап еліміздің үшінші секторын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Қазір Қазақстанда 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл тұрғыда азаматтық қоғамның дамуы жайында «ҚазАқпарат» агенттігіне «Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева баяндап берді.

«Азаматтық қоғам не үшін керек? Біріншіден, азаматтық қоғам халықтың арасынан шыққан белсенді азаматтар, түрлі институттар бірлесе халықтың проблемаларын шешуге өз үлесін қосады. Дамыған елдерде бұл сала жақсы дамыған. Қазақстанда азаматтық қоғам қаншалықты дамыған? Осыдан біраз уақыт бұрын тиісті тұжырымдама құрылып, бұл бағытта біраз міндеттер белгіленген еді. Қазіргі кезде міндеттердің негізгі бөлігі жүзеге асырылды. Осы орайда билік пен халық арасындағы үкіметтік емес ұйымдар елеулі даму деңгейін көрсетті деп айтуға болады. Еліміздің барлық өңірінде үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеп жатыр», - деді Б. Нұрғазиева.

Сонымен қатар ол биыл тамыз айында Қазақстан Республикасында Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғанын еске салды. Бұл тұрғыда ағымдағы ахуалға талдау жасалып, халықаралық тәжірибеге шолу жүргізілді, сондай-ақ елімізде азаматтық қоғам саласын дамыту қадамдары көрсетілді.

«Тиісті ұсыныстар әлі де жасалып жатыр, 2025 жылдан кейін өзгертулер енгізіледі деген ойдамын. Атап айтқанда, өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына, олардың мемлекеттік органдармен арадағы серіктестігіне бағалау жүргізуді жөн санадым. Осы орайда еліміздегі біраз облыстарға сапарлап келдім. Үкіметтік емес ұйымдардың негізгі бөлігінде кәсіби біліктілігі елеулі түрде ілгерілеген. 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда өзгерістер айқын көрініп тұр. Қазір олар істеп жатқан жұмыстарының нақты мақсаттарын айқындап, маңызды мәселелерді көтеріп жүр. Яғни жай ғана сырттай байқаушы болудан арылған», - деді альянс президенті.

Азаматтық қоғам жауапкершілігі

Оның пайымынша, қазіргі кезде кейбір мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес ұйымдар атқаруға қауқарлы болып тұр.

«Мен олардың осы бастамаларын қолдаймын. Медиацияға тоқталсақ, әрбір өңірде ҮЕҰ-лар арасынан медиатор болып қызмет етіп жүргендер бар. Олардың жинаған мол тәжірибесі бар», - деді Б. Нұрғазиева.

Жалпы, түрлі салада кәсіби түрде қызмет көрсетіп жүрген үкіметтік емес ұйымдар баршылық. Альянс президенті өңірлерге сапар барысында ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізген. Осы орайда қаржыландыру мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Сондықтан қаржы бөлудегі кедергілерге ерекше назар аударылып, мемлекеттік сатып алулар саласындағы қиындықтар айқындалды. Бұл мәселелерді ескере отырып, заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты тиісті ұсыныстар дайындалуда.

Мұнымен қоса ол ұйымдарға грант бөлу мәселесіне тоқталды.

«Іске асырылған жобаның қаншалықты нәтижелі болғаны маңызды. Бізде көбінесе нәтижесіне қарай бермейді. Грант алғаннан кейін, бірінші кезекте есеп тапсыруға көп көңіл бөледі. Осының салдарынан атқарылған істің маңыздылығы жойылып кетеді. Енді тиісті ұсыныстарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тапсырмақпыз. Аталған министрлік басшылығы тарапынан біздің ұсыныстарға қолдау жасалып отыр. Мемлекет басшысы үнемі азаматтық қоғамның әлеуетін пайдалану бағытына назар аударып келеді. Яғни мемлекеттің алдындағы міндеттерді бірлесе шешуге шақырды. Халықтың бір бөлігі азаматтық қоғамның рөлі жайында толық білмей жатады. Азаматтық қоғамның ішінде саяси партиялар да, кәсіподақтар да, үкіметтік емес ұйымдар да бар. ҮЕҰ-лар саяси партиялар секілді билікке ұмтылмайды», - деді Азаматтық альянс президенті.

ҮЕҰ-лар белсендігі

Қазір 22 мың үкіметтік емес ұйым бар. Соның бес мыңы реестрге еніп, министрлік немесе мемлекеттік органнан қаржы алып, қызмет еткендер санатында. Жалпы, 15 мыңы белсенді жұмысын жалғастыруда. Олардың біразы шетелден және еліміздегі донорлардан қаржы алады. Елімізде түрлі қорлармен бірлесе қызметтерін жалғасытырып келеді.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан 100 пайыз қолдауды көріп тұрмын. Азаматтық қоғам өкілдерінің мұңын жеткізіп жатырмын, оның барлығына ведомство өкілдері көңіл бөліп отыр. Осы орайда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында оң нәтиже болады деген сенімдемін», - деді Б. Нұрғазиева.

Сайлаудағы байқаушының міндеті

Саяси партиялар билік үшін таласқа түсетін болса, ал үкіметтік емес сектор билік үшін тартыс әділ әрі таза өтуіне ықпал етеді. Осы орайда сайлау науқанында үкіметтік емес сектордың байқаушы ретіндегі мәні мен маңызының негізі осында жатыр.

«Саяси партиялар мықты болса – ол мемлекеттің дамығанының бір көрінісі. Бұл тұрғыда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы қандай? ҮЕҰ-лар халықтың өкілі ретінде сайлаудың дұрыс өтуіне ерекше мән береді. Сайлау науқаны кезінде Қазақстанның Азаматтық альянсы барлық өңірде байқау шараларын жүргіземіз. Сайлау учаскелерін 100 пайыз қамти аламасақ та, әрбір облыста өкілдеріміз байқаушы болады. Өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардың тізімдерін реттеп, байқаушыларды оқытамыз. Оларға сайлаудың заңнама нормалары аясында өтуіне ықпал ету негіздері түсіндіріледі. Ең бастысы, сайлау таза әрі ашық өтуі керек. Өйткені, депутат болатын адамдар елдің сұранысына сай болуы қажет. Сондықтан олар таза бәсекелестік жағдайында іріктелгені маңызды. Біз осыған назар аударамыз. Барлық саяси партиялар тең дәрежедегі бәсекелестікте қатысуы керек», - деді ол.

Б. Нұрғазиеваның сөзінше, үкіметтік емес ұйымдар сайлау науқанының соңына дейін байқаушы міндеттін атарады.


Жоғары қарай