Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Барлық мембағдарламалар жеткілікті қаржымен қамтамасыз етілді – Ерұлан Жамаубаев

2020 жылдың 21 қазан 2020 11:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің қарауларыңызға 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы ұсынылып отыр. Нақтылаудың негізгі міндеті - медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдау. Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге сомасында қосымша шығыстар көзделді», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Олар мынадай бағыттарға жұмсалатын болады:

- карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төлеу;

- тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге - 83,2 млрд теңге;

- ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақылар төлеуге – 11,7 млрд теңге.

«Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген. Осы қаражат есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарлануда.

Бұл ретте, барлық мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету көзделген. Бұдан басқа, бюджетті нақтылау шеңберінде Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды», - деді Е. Жамаубаев.

Нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталды.

Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5 пайыз деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгені құрайтын болады.


Жоғары қарай