Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Барлық қалалардың орталығынан Әлихан Бөкейхан атына лайықты көше берілуі керек - Қазыбек Иса

2021 жылдың 14 сәуір 2021 12:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса барлық қалалардың орталығынан Әлихан Бөкейхан атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашу туралы ұсыныс жасады.

Осы орайда «Ақ жол» партияның фракциясы атынан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» фракциясы биыл 3 наурызда «Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру - саяси әділетсіздік» атты депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Онда өңірлердегі Алаш қайраткерлерінің есімдері ұмыт қалып отырғаны айтылған еді. Енді анықталғандай, елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатқанына көз жеткіздік. Биыл Орта Азиядағы тұңғыш саяси партия «Алаш» партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына арналған іс-шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен Тәуелсіздіктің 30-жылдығы бағдарламасына енгізілді. Таяуда 31 наурызда Түркістан Декларациясын қабылдаған Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Тұранның ұлы тұлғаларының ішінде Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойын да бірлесе атап өтуге шешім қабылдады», - деді Қ. Иса Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол Қарағандыдағы Октябрь ауданы енді Әлихан ауданына айналғанын еске салды.

«Дегенмен, елімізде Алаш көсемінің атына лайықты ешқандай көше жоқ екенін анықтадық. Астанамызда Бөкейханов көшесі орталықта емес, шеттегі ол көшені көбінесе «Мәңгілік ел» көшесіндегі кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі. Алматыдағы Бөкейханов көшесі қала шетіндегі өндірістік аудандағы базар артындағы қуыста орналасқан. Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылының тасасында қалған Бөкейханов көшесінің ұзындығы 500 метрдей ғана, жиырма шақты үй орналасқан, тіпті жарық та жоқ. Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де Әлиханға лайықты көше жоқ, шалғайдағы шағын аудандардағы жиырма шақты үйден тұратын шағын көшелер», - деді депутат.

Осы орайда ол «Ақ жол» партиясының ұсынысын жеткізді.

«Ә.Бөкейханның негізгі мамандығы ормантанушы-ғалым, яғни агроном. Ол қазақтың жер-суын, дәстүрлі шаруашылығын зерттеген экспедицияларға қатысып, қой, ірі қара және жылқы тұқымдарын зерттеп, 3 іргелі ғылыми монография, ондаған ғылыми мақала жазған, қазақ ауылшаруашылығы ғылымының негізін қалаған ғалым. Сондықтан, оның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру әбден лайықты. Елордамыздағы Тұран мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос тұрған алаңға «Алаш» аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнату қажет. Еліміздегі барлық қала орталығынан Әлихан Бөкейхан атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс», - деді Қазыбек Иса.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Қоғам, Ономастика,
Жоғары қарай