Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Банк таратылды, қарыз алушылар мен салымшылар не істеу керек ?

2021 жылдың 24 қазан 2021 10:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 банк тарату сатысында тұр. Олар: Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan.

Fingramota.kz егер Сізге қызмет көрсеткен банк сенімсіз болып шықса және оны лицензиясынан айырса, не істеу керектігін еске салады.

Лицензиясы қайтарып алынған банкте кредиті бар қарыз алушылар не істейді?

Босаңсуға және кредит бойынша жоспарланған төлем күнін өткізіп алуға болмайды. Себебі банкті тарату процесіне қарамастан, кредиттік міндеттемелер қалады. Яғни, банктің таратылуы сіздің кредитіңіздің жойылғанын білдірмейді.

Банктің барлық мәмілелерін тарату комиссиясы аяқтайды, ол банктің кредиттік портфелін үшінші тарапқа сату туралы шешім қабылдайды. Бұл, мысалы, басқа банк, коллекторлық агенттік, ипотекалық компания болуы мүмкін. Не тарату комиссиясының өзі лицензиясынан айырылған банктің кредиттік портфелін басқаруды жалғастырады.

Егер сіз төлемдерді тоқтата тұрсаңыз, онда сіз төлем мерзімін өткізіп аласыз және өсімпұл есептелетін болады.

Кредитті төлемесең не болады?

Біріншіден, кредитор міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге міндетті болады. Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда көрсетіледі.

Екіншіден, егер кредит кепілді болса, онда борышкердің кепіл мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін.

Сондай-ақ, кредитор төлем талабын қоя алады (егер мұндай шара шартта келісілген жағдайда) және борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома банктік шоттан есептен шығарылады. Мысалы, бұл жалақы болуы мүмкін. Алайда, жеке тұлғаның ағымдағы шотында сақталатын ақша сомасы заңнамалық тәртіппен белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Үшіншіден, борышкер елден кете алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуы шектелген азаматтардың тізіміне енуі мүмкін. Борышкердің Қазақстаннан шығуын уақытша шектеу туралы мұндай қаулыны сот санкциялауға тиіс.

Сот санкциялағаннан кейін борышкер қаулының көшірмесін алады. Қаулы көшірмесін шекара қызметі де алады, ол борышкерді базада берешектің өтелгені расталғанға дейін шетелге шығармайды.

Сондықтан, істі сотқа дейін жеткізбеу үшін өз борыштарыңызды әрқашан уақытында жауып, айыппұлдар, баждар, алименттер мен коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеп отыру қажет. Кредит бойынша міндеттемелерді орындамау қоса қарыз алушы, кепілдік беруші және кепілгер үшін келеңсіз жағдайлар туғызуы мүмкін, себебі олар қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдары алдында жауапты болады.

Банк лицензиясынан айырылса, салымшылар не істейді?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясынан айырған банк салымшылары қам жемесе болады: олардың теңгемен және шетел валютасындағы депозиттеріне, сондай-ақ төлем карточкалары мен банктік шоттарындағы ақшасына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ ) кепілдік береді.

ҚДКҚ қаражатынан жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер өтем алуға құқылы.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі банк салымдарын ғана қорғамайтынын еске саламыз. ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің төлем карточкаларын қоса алғанда, барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға ең жоғары кепілдендірілген сома шегінде кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген және сол сияқты капиталдандырылған пайыздарға да кепілдік берілетінін атап өту қажет.

Жеке тұлғалардың металл шоттарында сақталатын қаражатқа, банк ұяшықтарында орналастырылған ақша мен құндылықтарға, депозиттік сертификаттарға кепілдік берілмейді.

Кепілдіктердің ең жоғары сомасы қандай?

Ең жоғары кепілдік берілетін сома валютаға және депозит түріне байланысты болады. ҚДКҚ мыналарға кепілдік береді:

- теңгемен жинақ депозиттеріне – 15 000 000 теңгеге дейін;

- жинақ депозиттерінен басқа, теңгемен өзге депозиттер бойынша – 10 000 000 теңгеге дейін;

- шетел валютасындағы депозиттерге – 5 000 000 теңгеге дейін.

Кепілдіктің әрбір жеке адамға емес, оның ақшасы сақталатын әрбір банкке қолданылатынын ескеру маңызды. Яғни, егер Сізде бір банкте бірнеше депозит ашылған болса, банктік/ағымдағы шоттарда ақша қалса, шетел валютасында салым болса – осы банк таратылған кезде барлық салым жинақталады (барлық депозиттер бойынша сыйақымен бірге) және жалпы кепілдік берілген өтемақы сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша шектері ескеріле отырып – 15 000 000 теңгеден аспай төленеді.

Салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКҚ банкті лицензиядан айырған күнгі валюталардың нарықтық айырбастау бағамы бойынша өтемақы төлейді. Кепілдік берілген өтемақы сомасынан асатын депозиттер бойынша қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейді, ол таратылатын банктің кредиторлар тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес, мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалады.

Кепілдік берілген өтемақы сомасының мөлшеріне салымдар мен шоттардағы ақша ғана емес, егер салымшының қарыз қаражаты болса, ол да әсер ететінін ерекше атап өту қажет. Мысалы, салымшының 10 000 000 теңге мөлшеріндегі жинақ депозиті бар, ағымдағы шоттарда 500 000 теңге мөлшерінде ақша қалды, сондай-ақ онда 2 500 000 теңге мөлшерінде өтелмеген кредиті бар. Мұндай жағдайда, бірінші кезекте, берешегі өтеледі, содан кейін ғана кепілдік берілген өтемақы сомасы өзара есепке алу арқылы қалыптастырылады. Сөйтіп, өтемақы сомасы 8 000 000 теңгеге тең болады.

Төлемдер бойынша жағдаймен қайдан танысуға болады?

Жеке тұлға-депозиторларға кепілдік өтемін төлеу барысы туралы ақпарат ҚДКҚ-ның www.kdif.kz ресми сайтында «Тарату процесіндегі банктер/Төлемдер бойынша ағымдағы жағдай» бөлімінде орналастырылады.

Салымшылар тарату комиссиясы туралы ақпаратты және байланысу жолдарын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, ҚДКҚ және лицензиясынан айырылған банктің сайтынан таба алады.


Басты сөздер: Несие, Қоғам, Банктер,
Жоғары қарай