Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Балконнан құс атқан көкшетаулыққа айыппұл салынды

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 15:38

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда балконнан шағалаға оқ атқан ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қалалық ПБ қызметкерлері Instagram-да жарияланған белгісіз ер адамның тұрғын үй балконынан бірнеше рет оқ атқаны туралы роликті анықтаған.

«Тексеріс барысында бейнероликтегі Көкшетау қаласының 40 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол өзінің анасымен тұрады. Мылтық оған 15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінен қалған», - дейді ведомстводан.

Анықталғандай, 13 қыркүйекте ер адам үйінің балконына шығып, үй ауласындағы қоқыс жәшігінің үстінен ұшып жүрген шағалаға мылтықтан оқ атқан. Ер адам құстардың шулаған дауысы ұйқы бермегендіктен осындай қадамға барғанын айтып ақталды.

«Осыған байланысты ер адамның Қылмыстық кодекстің 436-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны анықталып, 20 айлық есептік көрсеткі көлемінде айыппұл салынды. Сонымен бірге, тәртіп сақшылары одан 4,5 мм калибрлі «ИЖ-38» мылтығы мен 48 дана оқты тәркіледі», - деп толықтырды ведомстводан.



Жоғары қарай