Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Балқаш пен Жезқазғанда су қоймалардың жағалауынан 280 қап қоқыс жиналды

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 07:10

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Балқаш және Жезқазған қалаларында өткен экологиялық акцияларға екі жүзге жуық адам қатысты. Сенбілік барысында 280 қап қоқыс жиналды. Қалдықтардың басым бөлігі қайта өңдеуге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығымызды бір тілек, бір мақсат біріктірді – қаладағы су қоймаларының жағалауларын қоқыстардан тазарту және олардың қайталанбас сұлулығын сақтауға көмектесу. Балқашта тазарту үшін Балқаш көлінің қалалық жағажайы, ал Жезқазғанда Кеңгір су қоймасының жағалауы таңдалды. Бұл су объектілері – Орталық Қазақстан далалары арасындағы бірегей оазистер. Сондықтан жағалауда немқұрайлы демалушылар қалдырған қоқыстар көктемде еріген сулармен бірге су қоймаларында қалмауы өте маңызды болып табылады», – деп атап өтті сенбіліктерді ұйымдастырушылар.





Сенбілік басталар алдында қатысушыларға нұсқаулық өткізілді. Олар қоқысты жинап қана қоймай, жасыл және ақ қаптарға сұрыптады. Пластик бөтелкелер, пластик пакеттер мен қалайы банкалар жасылға, ал қалған қоқыстар ақ дорбаларға сұрыпталды. Жиналған қоқыстың арасында біздің өңірде қайта өңдеуге жатпайтын бірреттік ыдыс және ылғалды майлықтар басым болды.

«Өзінің жеке басының тазалығы мен гигиенасын ойлап, адамдар ылғалды майлықтарды жиі қолданады. Бұл ретте демалушылар ол заттардың пластик пакеттер секілді табиғатқа келтірер зияны орасан екенін ойланбайды. Аталмыш майлықтар топырақта бірнеше жылдар бойы ыдырамайтын талшықтардан жасалған. Сонымен қатар олар хош иістендіргіштер мен бактерияға қарсы заттармен өнделген, ал олар топырақ пен суға түссе, қоршаған ортаны уландырады», – деп толықтырды эковолонтерлер.





Сонымен қатар, акцияға қатысушылар Балқаш көлі мен Кеңгір су қоймасының жағалауына ақпараттық стендтер орнатты. Олар өңір тұрғындарына еліміздің бірегей табиғатын сақтау қажеттігін ескертеді.

Ұйымдастырушылар экосенбіліктер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Алда Балқаш пен Жезқазғанда гүлдейтін ағаштардың күзгі отырғызылуы және аймақ мектептерінде «Бөлшекте, тапсыр, қайта өңде!» айлығы өтеді.








Жоғары қарай