Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Балқаш көлінің аумағы туризмді дамыту бағдарламасына енді

2020 жылдың 5 маусым 2020 10:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Балқаш көлінің аумағы Қазақстанда туризмді дамыту бағдарламасына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл таяу жылдары курорттық аймақты барлық ықтимал тәсілдермен жақсарта түседі дегенді білдіреді. Жағалауда 20-дан астам демалыс аймағын салу, инженерлік желілер жүргізу, Қарағанды-Балқаш трассасын жөндеу жұмыстарын аяқтау және еліміздің басқа өңірлерінен үлкен ұшақтар қабылдау үшін қала әуежайын қайта жаңарту жоспарда бар.

Жағалауды абаттандыру қалай жүріп жатқаны туралы Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков әңгімелеп берді.

«Қазір біз үшін экономикалық өсімнің негізгі нүктесі - Шұбар-Түбек және Тораңғылық кенттері. Демалыс үйлерін салуға болатын 20,5 шақырым бос жағалау бар. Біз үшін негізгі міндет - кенттерді сумен жабдықтау, су бұру, электр энергиясын беру секілді инженерлік желілерді жүргізу болып табылады. Жоба дайын, мемлекеттік сараптама шешімін күтеміз. Ол дайын болғанда ғана мердігерді анықтап, жұмысқа кірісе аламыз, - дейді Балқаш әкімі.




Оның айтуынша, бұл шаралар аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады және бірден бірнеше мәселені шешеді. Олардың бірі - курорттық аймақтарда демалудың жоғары бағасы және сервис деңгейінің төмендігі.

«Бұл кенттерде кәріз де, орталықтандырылған су құбыры да болған жоқ. Әрине, ол жерде демалыс аймағын ашу үшін кәсіпкер бәрін өзі қамтамасыз етуі тиіс еді. Бұл оның қызметтерінің қымбаттауына алып келді. Сондай-ақ, электр энергиясының бағасына ауылдық тариф әсер етті, ол қаладағыға қарағанда жоғары. Сондай-ақ қоқыс шығару құны да бар, себебі кенттердің жанында полигондар жоқ. Қазір біз бұл мәселені шешеміз. Шұбар-түбек және Тораңғылық кенттерін Балқаш қаласына қосу процесі басталды. Тек Үкіметтің мақұлдауын күтеміз, - деді Ораз Тәуірбеков.

Осындай біріктіру шараларынан кейін осы елді мекендерде коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендеуі тиіс. Жер сату бойынша аукциондарын өткізу де оңай болады. Олардың біріншісі осы айда өтеді.

Балқаш қаласында жол құрылысы белсенді жүреді. Туристердің негізгі ағыны курорттық аймаққа жерүсті көліктерімен келеді, сондықтан мұнда жақсы жол инфрақұрылымын құру басымдыққа ие.

«Жол жөндеу жұмыстары екі кезең бойынша жүріп жатыр. Қазір Шұбар-түбек ауылының жол желісі жөнделуде. Мұнда ішкі кенттік жолды орташа жөндеу жүргізіледі. Онда негізгі жұмыстар аяқталды. «Риф« демалыс аймағына 300 метр асфальт салу, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жасанды тегіс емес жолдар салу қалды. Содан кейін Тораңғалықта жолдарды жөндеуге кірісеміз. Онда республикалық трассадан бастап кентішілік жолға дейін 8 шақырым жолды жөндейміз. Маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді Балқаш әкімі.




Еліміздің басқа өңірлерінен туристер ағынын тарту үшін әуе қатынасын да дамыту жоспарланып отыр. Қазір Балқаш әуежайы Як-40 сияқты шағын ұшақтарды қабылдай алады. Курорт қаласында Боингтер қонуы үшін әуе айлағы күрделі жөндеуден өтуі қажет. Алдын ала есептеу бойынша, бұған 2,5 млрд теңге шығындалады.

Қайта құру жобасын ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге ұсынды. Қазір аэровокзал «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі. Жөндеуді бюджеттен қаржыландыру үшін оны қаланың коммуналдық меншігіне беру қажет. Корпорация басшылығы оған өз келісімін берді.

Жағалаудағы аумақты абаттандыру, инженерлік желілер құрылысы, жолдарды жөндеу және әуежайды қайта жаңарту жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Алдын ала болжам бойынша, бұл Балқаштағы туристер ағынын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазір курорт жылына 80 мың адамды қабылдайды. Қайта жаңғыртудан кейін демалушылар саны 400-500 мыңға дейін өсуі мүмкін.


Басты сөздер: Құрылыс, Қарағанды облысы,
Жоғары қарай