Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Балаларын «шаһид» қылу үшін Шам асты – жат ағым жетегінде кеткен келіншектің анасы

2019 жылдың 5 қазан 2019 16:13

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысының тұрғыны Әният Фазылбекова 5 жылдан бері жалғыз қызын Шам елінен қашан қайтады деп күтіп жүр. Қамкөңіл қария қыздан туған жиендерін көрмегелі 5 жылдан аса уақыт өтті.

Қызы Айгүл күйеуімен, 3 баласымен Түркия арқылы Сирия асып кеткен. Содан бері жалғызбасты қарт ана жалғызының жолын тосып жүр.

«Жиендерімді сағынамын. Түсіме кіреді. Өздерінің кеткеніне амал жоқ қой. Бірақ балаларды да шатыстырғанына түсінбеймін. Бұлар балаларым өлсе, шаһид болады деген оймен кетті. Сирияда тағы екі жиенім туған. Оларды тек ватсаптағы суреттен ғана көрдім», - деді Әният апай.

Анасы қыз-күйеубаласының жолға жиналып жатқанын аңғармай да қалған.

«Үйді сатып басқа үй аламыз деп жүрген. Одан 1 аптаға шетелге барып демалып келеміз деді. Сол кеткеннен хабар болмады. Кейін теледидар көріп отырып Сириядан көрсеткен видеода күлгін орамал таққан өзімнің жиенімді танып қалдым. Бірақ, қателестім деп өзімді сендіруге тырыстым», - деді Әният.

Қарияның үйіне көп ұзамай ҰҚК қызметкерлері келіп әлгі видеоны көрсеткен.

Сол кезде Әният Фазылбекова видеода шынымен өзінің немерелері екеніне сенбеске амалы қалмады.

Балаларды сағынғанда апасы осы видеоны қарайды.

«Қызым 5-6 ай аралатып хабарласады. Мен күнде звондаймын. Бірақ, ешқашан қоңырауымды алған емес. Олардың үнемі тілдесуге мүмкіндігі жоқ. Жарытып сөйлеспейді, бәрі жақсы деп қоя салады. Қызым мамандығы заңгер болатын. Дінге қатысы жоқ еді. Қалайша басы осылай шатылды. Таңым бар. Қызымның қайтқысы келетінін сөз ауанынан байқаймын. Бірақ, келген соң сотталамын деп қорқа ма, әлде сол жақтағы биліктен қорқа ма, білмеймін», - деді анасы.

Сирияға кеткен отандастарымыз бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Жусан» операциясы арқылы елге қайтып жатыр.

Осы уақытқа дейін «Жусан-1» операциясынан - 47 адам, «Жусан-2» операциясының арқасында - 231 адам, «Жусан-3» операциясы арқылы 300-ге жуық адам елге қайтқан. «Жусан-4» операциясының арқасында қанша адам келгені нақты белгісіз.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова хабарлағандай, бүгінде 506 бала Сириядан қайтып келді. Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдерді қолдауға арналған 15 әлеуметтік-психологиялық, құқықтық орталық жұмыс істеп тұр. Орталықта тәулік бойы стационарда 14 балалы 4 ана бар. Қалғандары күндізгі стационарда. 254 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Яғни, ол балалар мектепке дейінгі ұйымдарға барып жүр.

Мектептерде 153 бала оқып жатыр. Сондай-ақ жетім қалған 33 бала бар. Олар жетімдерге арналған ұйымдарға таратылды.

Жоғары қарай