Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 448.52
EUR 490.32
RUB 5.69
CNY 63.23

Балаларын қолға ұстаған апалы-сіңлілі екі әйел қымбат бутиктерден киім ұрлаған

2020 жылдың 19 ақпан 2020 09:37

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Балқаш қаласынан Алматы облысына «қылмыстық гастрольге» келген екі әйел бутиктер мен дүкендерде ұрлық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеу барысында күдіктілердің Балқаш қаласынан келгені, қолдарына жас балалар ұстаған екі әйелдің апалы-сіңлілі екені анықталды. Оларға бір күн ішінде тауар-материалдық құндылықтарды ұрлаудың бес дерегін жасады деген айып тағылды», - деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

9 ақпанда Қарасай ауданының «МОЛЛ АПОРТ» сауда ойын-сауық кешенінде ұрлық жасады деген күдікпен 30 және 33 жастағы екі әйел ұсталды. Күдікке ілінген әйелдердің 1 жастан асқан және 7 жастағы бүлдіршіндері бар. Жеке басын тексеру кезінде олардан әйелдер мен балалардың ұрланған жаңа киімдері табылып, олардың кешен аумағындағы дүкендердің бірінен жымқырылғаны анықталды. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбаларының көмегімен бұлтартпас айғақтар арқасында күдіктілер бұдан өзге тағы төрт бутик және дүкенде орын алған ұрлықтарын мойындады. Үптеп кеткен заттарын қайда жасырғанын көрсеткен.

«Олар бір күн ішінде жалпы сомасы 350 000 теңгеден асатын соманың тауарларын ұрлаған. Оның ішінде майка, футболка, пальто, джинсы және өзге де киімдер бар. Ұрланған мүлік қажетті тергеу әрекеттерінен соң заңды иелеріне қайтарылды. Өзгенің мүлкін ұрлаудың бес дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деп толықтырды ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің қылмыстық тәжірибесі бар. Ол Нұрсұлтан қаласындағы бутиктерден заттарды ұрлағаны үшін жауапқа тартылып, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс сотқа жетпей, қысқартылған. Күдіктілердің кәмелетке толмаған жас балаларының бар екені ескеріліп, олар мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.


Жоғары қарай