Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Балаларды тұрғылықты жері бойынша қалай тіркеуге болады

2020 жылдың 17 қазан 2020 02:55

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Egov.kz порталы арқылы электрондық түрде ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді дәріптеуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні облыс тұрғындары арасында балаларды тұрғылықты жеріне байланысты тіркеу өзекті мәселе болып отыр. Аталған қызметті қалай алуға болатыны туралы Департаменттің мемлекеттік қызметтерді көрсету басқармасының бас маманы Қанат Айтымов түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, ең алдымен баланың ата-анасының біреуі электрондық-цифрлық қолтаңба немесе бір реттік смс-құпия сөз арқылы Egov.kz порталында авторизациядан өтуі керек.

Әрі қарай басты бетте «Азаматтық, миграция және иммиграция» қызметін таңдау қажет. Бұл жерде қызмет алушы «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау» бөліміне өтуі тиіс.

Бұдан әрі түрлі қызмет түрлері ұсынылады, ал олардың ішінен «16 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу» қызметі таңдалынады. Одан кейін «Онлайн сұрау» қызметін таңдап, өтінішті толтырып, оған электрондық-цифрлық қолдаңбаның көмегімен немесе смс-құпия сөз арқылы қол қою керек.

«Бұл ретте, смс-құпия сөз арқылы өтінімге қол қою үшін мобильді азаматтар базасында тіркеудің болу қажеттігін ескеру керек. Егер сізде мұндай тіркеу болмаса, сізге операторға бейнебайланыс арқылы хабарласу қызметі ұсынылады, яғни оператор онлайн режімде тіркеуден өтуге көмектеседі» - деп атап өтті Қ.Айтымов.

Маманның айтуынша, соңында жеке кабинетте өтінімнің қаралуы туралы хабарламамен танысуға болады. Егер қызмет алушы тұрғын үйдің меншік иесі болып табылмаған жағдайда, баланы тұрғылықты жері бойынша тіркеу үшін тұрғын үй иесінен ЭЦҚ-мен расталған келісімді алу қажет. Сонымен қатар, егер бірнеше тұрғын үй иелері болса, олардың әрқайсысының келісімін алу қажет.


Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Қоғам, Ақмола облысы,
Жоғары қарай